Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үндістан азаматы Қазақстандағы Қапшағай көлінде суға батып кетті.
Бұл туралы Alataunews.kz порталы хабарлады.
Қаза тапқан азаматтың жерлесі әрі досының айтуынша, жас жігіт Хайдарабад қаласынан келген екен. С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің студенті. "Ол суға бата бастағанда көмекке шақырды", - дейді досы. Мәйіт сумен жағаға ағып келді.
Айта кетері, марқұм бірнеше отандасымен бірге Қапшағай су қоймасында демалысын өткізіп жүрген. Қайғылы оқиға орнында құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жұмыс істеп жүр.
Еске салсақ, 26 шілде күні Шымкенттегі медицина университетінде оқып жүрген Үндістанның екі студенті Түркістан облысына қарасты Ақсу шатқалындағы Ақсу өзеніне суға түсіп, батып кеткен еді. Оларды халықта "шайтанның тамағы" деп аталатын шұңқырға тартып әкеткен көрінеді. Қайтыс болғандардың мәйіті әлі күнге дейін табылмады.
Бұған дейін Павлодарда 1998 жылы туған Павлодар мемлекеттік университетінің студенті – Қытай азаматы суға батып кеткен. Ол 11 маусымда Ертісте орталық жағажай аймағында жағалаудан 25-30 метр қашықтықта үш метр тереңдікте шомылу кезінде қайтыс болды. Оның денесі үш күннен кейін табылды.