Үндістанның Азаматтық авиация апаттарын тергеу бюросы (AAIB) 12 маусымда Ахмадабад қаласында болған Air India ұшағының апатына қатысты алғашқы тергеу қорытындысын жариялады. Есеп ведомствоның ресми сайтында қолжетімді болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатта көрсетілгендей, әуе кемесі жердегі ғимараттарға соғылғаннан кейін өртеніп, толықтай жойылған. Бес ғимарат өртке оранып, елеулі құрылымдық зақымға ұшыраған.
AAIB есебінде апатқа қатысты нақты деректер, графиктер, иллюстрациялар мен фотосуреттер қамтылған. Тергеу барысында ұшақ бортындағы екі жетілдірілген борттық тіркеуші құрылғысы (EAFR) табылып, зерттелді. Оның бірі апаттан кейін үш күннен соң өртеніп кеткен күйінде табылса, екіншісі шатыры құлаған ғимараттың маңынан анықталған. Олардың корпусында соққы мен жоғары температурадан пайда болған зақым белгілері байқалған.
Жазбаларда апатқа дейінгі соңғы алты рейс туралы шамамен 49 сағаттық ұшу дерегі, соның ішінде апатқа ұшыраған рейс те бар, – делінген сарапшылар мәлімдемесінде.
Аудио жазбаларда экипаж мүшелері арасындағы әңгіме тыңдалған. Ұшқыштардың бірі әріптесінен неге отынды өшіргенін сұрайды. Екінші ұшқыш бұл әрекетті өзі жасамағанын айтып, тосын жағдайға тап болғанын білдірген.
Алдын ала болжам бойынша, апаттың ықтимал себебі – қозғалтқыштарға отын берудің бір мезетте тоқтауы. Бұл жағдай ұшақ жылдамдығы 180 торапқа (шамамен 333 км/сағ) жеткен кезде орын алған. Сол сәттен бастап екі қозғалтқыштың да қуаты төмендей бастаған.
Ұшақтың ұшу салмағы рұқсат етілген нормаларға сәйкес болған, бортта қауіпті жүк тіркелмеген.
Тергеу әлі де жалғасуда. Сарапшылар аудио мен деректерді терең талдау арқылы нақты техникалық себептерді анықтауға күш салуда.