Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үндістанда коронавирустың екінші толқынымен қатар тағы бір аурудың - мукоромикоздың эпидемиясы басталды.
Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап korrespondent.net хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес «қара көгеру» деп аталатын ауру көбінесе COVID-19 пациенттерінде немесе коронавирустан айыққандар арасында кездеседі.
Үндістандық дәрігер Акша Наир мукоромикоз ауруының өсуі коронавирустың ауыр түрлерін емдеуде стероидтерді қолданудан туындауы мүмкін екенін айтады. Стероидтер өкпенің қабынуын азайтады, бірақ сонымен бірге олар иммунитетті төмендетеді және қандағы қанттың мөлшерін жоғарылатуы мүмкін. Науқас COVID-19-дан жазылғаннан кейін шамамен 12-15 күн өткен соң мукоромикозбен ауырады.
Мукоромикоз - сирек кездесетін ауру. Саңырауқұлақ инфекциясы бар науқастарда әдетте мұрын бітеліп, мұрыннан қан кетеді, көздің ісінуі және ауыруы, қабақтың түсуі, бұлыңғырлық және ақырында көру қабілетінің төмендеуі сияқты белгілер болады. Мұрын айналасында терінің қара дақтары болуы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, пациенттердің көпшілігі көру қабілетін жоғалтқан кезде ғана келеді, сол себепті дәрігерлер инфекция миға түспеуі үшін көзді хирургиялық жолмен алып тастауға мәжбүр.
Бұл диабетпен ауыратындар үшін, сондай-ақ АИТВ/ЖИТС және қатерлі ісік аурулары үшін өте қауіпті. Мукоромикоздан болатын өлім 50%-ға жетуі мүмкін, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Үндістанда коронавирустың салдарынан өлім-жітім санының жаңа тәуліктік рекорды 4 187 адамға жетті. Жалпы алғанда, Үндістанда 21,8 миллионнан астам КВИ жұқтырды. COVID-19 салдарынан 240 000-ға жуық өлім тіркелді.