7 ақпанда Үндістанның Фаридабад қаласында өткен Сураджкунд жәрмеңкесі кезінде адамдар отырған аттракцион жоғары жылдамдықпен жұмыс істеп тұрған сәтте құлап кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Times of India басылымының мәліметінше, адамдарды құтқаруға тырысқан полиция қызметкері оқиға кезінде қаза тапқан.
Фаридабад штаты полициясы комиссарының орынбасары Аюш Синханың айтуынша, ауруханаға жеткізілген соң дәрігерлер полиция инспекторының көз жұмғанын растаған.
Ол аттракцион қисайып кеткен кезде адамдарды құтқаруға әрекет еткен. Алайда құрылымның бір бөлігі оның беті мен басына соғылған. Шамамен 13 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, – деді ол.
Штат билігінің хабарлауынша, аттракцион операторының әрекетіне байланысты тиісті шаралар қабылданады. Алдымен оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп, кейін қылмыстық іс қозғалу жоспарланып отыр.
Харьяна штатының бас министрі Наяб Сингх Саини оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Фаридабадтағы Сураджкунд жәрмеңкесі кезінде болған апат мені қатты күйзелтті. Осы қайғылы жағдайдан қаза тапқандардың отбасына терең көңіл айтамын, – деді ол.
Сонымен қатар ол жауапты тұлғаларға барлық зардап шеккендерге шұғыл әрі тиісті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.