Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының – ABU-дың 59-шы Бас ассамблеясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли әлеуметтік желіде жазды.
Іс-шараға осы халықаралық іргелі ұйымның толыққанды мүшесі «Хабар» Агенттігінің басшысы ретінде қатысудамын. Ұйымның басты жиыны пандемиядан кейін, яғни 2019 жылдан бері алғаш рет офлайн форматта өтуде. Естеріңізде болса, биыл тамыз айында ABU-дың белді өкілдері Астанада бас қосып, «Хабар» агенттігі өткізген Әкімшілік кеңес отырысына жоғары баға берген еді. Бұл жолғы жиында Бас ассамблеяның басқарушылық құрамы түбегейлі өзгерді. Вице-президенттер сайланады, – деді «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма төрағасы.
Айтуынша, Вьетнам тарапының өтініші бойынша VTV телеарнасының Президенті Ли Куанг мырза бізбен меморандумға қол қойып, контент алмасуға дайын.
Бас ассамблея жиынынның аясында шетелдік әріптестеріммен кездесуді бастап кеттім. Алдымен Вьетнам тарапының өтініші бойынша VTV телеарнасының Президенті Ли Куанг мырзамен кездестім. VTV телевизиясының құрамына 10 арна кіреді екен. Олар бізбен меморандумға қол қойып, контент алмасуға дайын екендерін жеткізді. «Хабар» агенттігінің өнімдерін шет елдерде көрсету біздің жұмыстарымыздың басым бағыттарының бірі, – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының Бас ассамблеясы жиыны – кездесуге уақыт тауып, көзбе-көз пікір алмасуға нағыз қолайлы орын екенін айтты.
Бас Ассамблея отырысы барысында Австралияның ABC арнасының басшыларымен, Кореяның КBS корпорациясының басшысымен және тағы бірқатар хабар таратушылардың басшыларымен жүздесіп, бірлесіп іске асыратын жобалар мен хабар тарату мәселелері жайында әңгімелеспекпін. Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының Бас ассамблеясы жиыны – кездесуге уақыт тауып, көзбе-көз пікір алмасуға нағыз қолайлы орын. Телевизиялық контент, спорттық хабар тарату құқықтары, екі-жақты қарым-қатынас мәселелері талқыланатын кездесулер нәтижелі болады деп үміттенемін, – деді Берік Уәли.