Үндістанның ең тығыз қоныстанған өңірі – Уттар-Прадеш штатында түнгі жәрмеңке кезінде биіктігі 18 метр болатын айналма шолу дөңгелегі құлады. Полиция мәліметінше, кемінде 30 адам зардап шеккен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Independent мәліметінше, оқиға өткен сәрсенбі күні түн ортасы шамасында Кушинагар округінде орналасқан Бхайнсаха ауылында болған. Сол уақытта жыл сайынғы жәрмеңке өтіп жатқан ежелгі храм кешенінің маңына жүздеген адам жиналған.
Келушілердің бірі түсірген видеода қайғылы сәт анық көрінеді: ішінде әйелдер мен балалар бар ондаған адам отырған аттракцион кенет бір жаққа қисайып, кейін жерге құлаған. Кадрларда кейбір жолаушылардың құрылым құлап жатқан сәтте де кабиналарда қалғаны байқалады.
Куәгерлер бірден зардап шеккендерге көмекке ұмтылып, адамдарды майысып қалған темір конструкцияның астынан шығара бастаған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, апат кезінде айналма шолу дөңгелегінде шамамен 80 адам болған. Құрылым құлар алдында аттракцион екі айналым жасап үлгерген, содан кейін, куәгерлердің айтуынша, сықырлаған дыбыс естіліп, дөңгелек құлаған.
Оқиғаның себептері анықталып жатыр.