Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үндістан мен Пәкістан арасында әскери шиеленіс ушықты

7 Мамыр 2025, 07:13
706
Бөлісу:
 REUTERS/Pawan Kumar
Фото: REUTERS/Pawan Kumar

Бүгін, 7 мамырға қараған түні Үндістан Пәкістан мен оның бақылауындағы Кашмир аумағына әуе соққыларын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл шабуыл сәуір айының соңында Үндістан аумағында туристерге жасалған терактіге жауап ретінде іске асырылған. Террористік шабуылдан 26 адам қаза тапқан болатын. Нью-Дели бұл әрекетті "Синдур операциясы" деп атап, оны "ұстамды әрі дәл жауап" деп сипаттады.

Үндістан Қорғаныс министрлігі шабуыл тек террористік инфрақұрылымдарға бағытталғанын, ал Пәкістанның әскери нысандарына соққы жасалмағанын мәлімдеді.

Алайда Пәкістан тарапы бұл әрекетті "соғыс қимылы" деп бағалап, жауабын да кешіктірмеді. Исламабад шабуылға жауап ретінде Үндістанға қарсы кері соққылар жасады. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Делидің әрекетін "себепсіз шабуыл" деп атап, елдің егемендігін қорғау үшін "қатаң шаралар" қабылданатынын ескертті.

Пәкістан қорғаныс министрлігі Бахавалпур, Котли және Музаффарабад қалаларына соққы жасалғанын, соққылардың азаматтық нысандарға бағытталғанын мәлімдеді.

Кейбір деректерге сәйкес, Пәкістан үнділік Rafale ұшақтарының екеуін атып түсіргенін хабарлағанымен, бұл мәлімет Үндістан тарапынан ресми түрде расталмады.

Сарапшылар бұл оқиғаны 1971 жылдан бергі ең ауқымды Үнді-Пәкістан шиеленісі ретінде бағалап отыр. Қазір екі елдің әскери күштері жоғары дайындық режиміне көшкен.

Өзгелердің жаңалығы