Үндістан ковидті емдейтін дәрігерлерді шетелден алдырады

8 Мамыр 2021, 21:13
1599
Бөлісу:
Үндістан ковидті емдейтін дәрігерлерді шетелден алдырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үндістанда коронавирус өршіп, науқастарды қарайтын дәрігер жетіспей жатыр. Ел билігі шетелден маман алдыртуға ниетті. Үнді парламенті мәселені мамырдың аяғына дейін шешуге уәде берді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде індеттен қайтыс болғандардың 25 проценті, ал жұқтырғандардың жартысына жуығы Үндістаннан екен. 

Үндістанда ковид бойынша өлім-жітім көрсеткіші күн санап өсіп барады. Араға жарты жыл салып, өткен аптада ғана бір күнде 350 мың науқас тіркелді. Дүйсенбіден бастап жұқтырғандар қатары 400 мыңнан асып кетті. Жергілікті аурухана қызметкерлері шынайы көрсеткіш бұдан 5 есе жоғары дейді. Билік толық қамтамасыз етіп отырмыз десе де Нью-Делидің 18 ауруханасында науқастарға қажет оттегі таусылуға жақын. 

Бұл қолдан жасалған дүрбелең, ұпай жинағысы келетін жекелеген саяси топтардың жалған даурықпасы. Үндістанда оттегіге қатысты ешқандай мәселе жоқ. Тек жеткізу бойынша ғана қиындық бар. Оттегіні ұтымды пайдалануды толық бақылауда ұстап отырмыз. Кейбір ауруханалар артығымен қолданып, ысырыпқа жол беруде. Ондайларды заңмен қатаң жазалаймыз, - деді Нью-дели әкімшілігінің заңгер-кеңесшісі Радж Байчунг.  

Шенеуніктердің кез келген ресми мәлімдемесін дәрігерлер сол сәтінде жоққа шығаруда. Жергілікті кәсіподақтар оттегі бәріне емес, тек өте ауыр халдегі науқастарға ғана беріліп жатқанын алға тартады. Ресми жарияланбаса да қазір елде іс жүзінде төтенше жағдай орнаған. Полиция барлық орамдар мен жекелеген кенттерді қатаң тексеріп жатыр. Тіпті пәтерінде бетперде кимегендерді 2 аптаға карантинге жауып, кейбіріне 2 мың доллар айыппұл салуда. Билік соңғы кездері коронавирустың үшінші толқынын сөз ете бастады, бірақ әзірге оның қашан келетіні және ауқымы қандай болатыны белгісіз. Гаган Сингх, медицина қызметкерлері кәсіподағының өкілі: - 

Жаңа жалпыұлттық карантиннің жарияланғанын күтіп отырмыз. Әзірге тек кейбір штаттарда ғана жүріс-тұрысқа шектеу қойылған, бірақ бізге бұдан келер пайда жоқ. Біз індеттің өршіп кетуіне вакциналаудың дұрыс жүргізілмеуі себеп деп есептейміз. Елде вакцинаны  барлық адамға 1 мамырдан бастап ғана еге бастады. Оған дейін екпені тек дәрігерлер мен қарияларға ғана салған болатын. Осы аралықта жасы 40-қа жетпеген адамдар көптеп ауыра бастады. Былтыр індетті тек 500 адам жұқтырған кезде қатаң локдаун енгізіп еді, енді қазір күн сайын 400 мың адам ковидке шалдығып жатыр, - деді медицина қызметкерлері кәсіподағының өкілі Гаган Сингх.

Жергілікті құқық қорғаушылар Үндістанда індеттің өршуін медициналық инфрақұрылымның нашарлығынан көреді. Ресми мәлімет бойынша бұл елде әр 10 мың тұрғынға 10 дәрігер ғана қызмет көрсетеді. Ал кедей аудандарда ақ халатты жандардың саны 5 адамға жетпейді.


Өзгелердің жаңалығы