«Ұмытылған қаһармандар» - ұмытылмас ерлерге тағзым

6 Мамыр 2019, 11:06
5210
Бөлісу:
«Ұмытылған қаһармандар» - ұмытылмас ерлерге тағзым
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Екінші дүниежүзілік соғысында ерлігімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ұсынылғанымен түрлі себептерге байланысты тиісті марапатына қол жеткізе алмаған батырлар аз емес. 

Олардың арасында Қазақстаннан шыққан отандастарымыз да бар. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы өткен жылы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында тың бастаманы қолға алған еді. 

Соның нәтижесінде «Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа кітап жарық көрді. Бүгін «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында аталған еңбек көпшілікке таныстырылды. 

«Ұмытылған қаһармандар» - ұмытылмас ерлерге тағзым

Іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, кітаптың және жалпы жобаның авторы, белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы, Халық Қаһарманы, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Мұхтар Алтынбаев, Парламент депутаттары, қоғам белсенділері және кітапқа есімдері енгізілген батырлардың ұрпақтары қатысты. 

Жиын барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның былтыр «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты жаңа акцияны қолға алғанын, соның аясында жыл бойы соғыс кезінде тиісті марапаттарын ала алмаған аталарымыз бен әкелеріміз туралы мәліметтерді жинақтағанын айтты. 

"Бүгінгі еңбек сол бастамамыздың жемісі. Осы игілікті ісіміз арқылы біз ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, оларды кеңінен насихаттауды мақсат тұттық. Кезінде өздері көре алмай кеткен құрмет пен марапатты бүгінгі ұрпақтарына көрсетіп, аталарымыздың ерліктері арқылы жастарды отансүйгіштікке баулуды көздедік. Бұл – бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болған әкелеріміз бен аталарымыздың алдындағы перзенттік борышымыз", – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар ол аталған еңбекті Берік Әбдіғалиұлының «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинағының жалғасы деп қабылдауға да болатынын жеткізді. Осы ретте Берік Әбдіғалиұлының бұған дейін де осы салада зерттеулер жүргізіп, 2015 жылы жоғарыда аталған жинақты жарыққа шығарғанын атап өткен жөн. 

«Ұмытылған қаһармандар» - ұмытылмас ерлерге тағзым

«Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа еңбекке Қаһарман атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың көпшілігі жаяу әскер. Сондай-ақ артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, танкіге қарсы өздігінен жүретін (СУ, ИСУ) атқыш, снайпер, санитар, байланысшы, кавалерист, десантшы, әуе десанты, ұшқыш, инженерлік әскер және ІІХК-нің (НКВД) қызметкерлері бар. 

Жинаққа тек марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлер ғана енгізілгенін де айта кеткен ләзім. Десек те, елімізде соғыста ерен ерлік көрсетсе де лайықты марапатын ала алмаған батырларымыз өте көп. Сондықтан олардың есімдерін де ұлықтап, қайта жаңғыртып, мектеп, көше, ауылдарға берудің де тағылымы мол іс екені сөзсіз. Сол себепті «Nur Otan» партиясы алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.

"Осындай игі іс арқылы партиямыз тарихи әділеттілік орнатып, Ұлы Жеңісті жақындатқан әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктерінің ел жадында мәңгі сақталуына үлес қосуды көздеп отыр. Сондықтан бұл кітаптағы есімдер соңғы тізім емес екенін атап айтқым келеді. Алдағы уақытта әлі талай батырларымыздың есімдерін паш етеміз деп сенемін", – деді Мәулен Әшімбаев. 

Басқосуда жоба авторы Берік Әбдіғалиұлы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, «Қаһарман» қорының директоры Сабыр Қасымов және кітапқа есімдері енгізілген батырлардың балалары Марат Сағындықов пен Ертіс Қалиев сөз алып, атқарылған жұмыстың маңызы мен мәні туралы пікірлерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы