Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Ұлытау облысында құрылысы ұзаққа созылған нысандармен, ұлттық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен Сәтбаевта Оқушылар сарайы мен 320 орынға арналған балабақша салынып жатыр, олардың құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған. Сол сияқты Теректі станциясында мектеп салынып жатыр. Бұл оқу орны білім алу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, себебі қазір балалар апатты мектепте оқуға мәжбүр. Ұлытау облысы әкімдігінің, сол сияқты Қарағанды облысы әкімдігінің алдында орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылысы ұзаққа созылатын нысандардың пайда болуына жол бермеу және құрылысы басталған әлеуметтік нысандарды аяқтау міндеті тұр, - деді ол.
Ол «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламасы бойынша Ұлытау облысында 20 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалға «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында өңірде 7 оқу орнын салу, «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламасы бойынша Ұлытау облысында 20 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланып отыр, олардың қатарында перинаталдық орталық та салынады. Елімізде барлығы 12 перинаталдық орталық, 650-ден астам медициналық МСАК нысаны бар, - деді Көлгінов.
Сонымен қатар ол Кеңгір ауылында фермерлермен кездесті.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысын талқыладық. Қолда бар өндірістерге қолдау көрсету және жаңа өндірістерді ашу ісі өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы биылдан бастап өңірлердің ерекшелігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, бүкіл еліміз бойынша ауқымды болады, - деді Алтай Көлгінов.