Ұлытау ұлттық паркіне кеңес не үшін қажет?

2 Тамыз 2022, 20:09
1498
Бөлісу:
Ұлытау ұлттық паркіне кеңес не үшін қажет?

«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Үйлестіру кеңесі құрылды деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Оның мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризмді дамыту мәселелері бойынша шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғатты қорғаумен айналысатын мекемелерді басқарудың тиімділігін арттыру.

Үйлестіру кеңесі ұлттық парктің қызметін жетілдіруге байланысты өз ұсыныстарын енгізіп қана қоймай, халық, парк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар арасын байланыстырушы көпір болады.

Кеңеске белсенділер мен қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер кірді. Үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Айдын Серкебаев тағайындалды.

Үйлестіру кеңесі - ұлттық парктің аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалайтын консультативтік-кеңесші орган. Бұл бізге барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Ұлытауда «QazaqGeography» РҚБ күшімен ғылыми-зерттеу жұмыстары, эко-туризмді дамыту үшін базалық жобалар, мысалы, туристік соқпақтар әзірлеу, туризм стратегиясы, соқпақтарға түсетін рекреациялық жүктемелер нормаларын анықтау және т.б. жұмыстар жүргізілуде, - деді ол.

Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдемдесумен ҚР Үкіметінің гранты және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы аясында «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады.

Біздің міндетіміз – Ұлытау аумағында тұрақты, экологиялық туризмді дамыту. Біз табиғатты, оның биоалуантүрлілігін сақтауға мүдделіміз және біздің мақсатымыз зиян келтірмей, табиғи байлығымызды көбейтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, - деді «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Абубакиров.

Айта кетейік, «Ұлытау» МҰТП, ауданы 58,9 мың гектар, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №867 қаулысымен Ұлытау орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы негізінде құрылған.

Өзгелердің жаңалығы