Жаңадан құрылған Ұлытау облысының тұңғыш әкімі Берік Әбдіғалиұлы бүгін Президент жарлығымен қызметінен босатылды. BAQ.KZ тілшісі Берік Әбдіғалиұлының Ұлытау облысы әкімі қызметіндегі 2 жылдық жұмысына шолу жасаған еді.
2022 жылы 8 маусымда Ұлытау облысы құрылды. Жаңадан құрылған облыстың әкімі болып 11 маусымда Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды. Ол 1971 жылы Ұлытау ауданында дүниеге келген. Ұлытау облысы әкімі қызметіне дейін Берік Әбдіғалиұлы мәжіліс депутаты болған. Әр жылдары Ұлытау ауданы, Жезқазған, Арқалық қалаларының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымды қызметтерін атқарған. Берік Әбдіғалиұлы өзі туып-өскен Ұлытау ауданын екі рет 2010 жылы және 2019-2021 жылдары басқарған.
Сонымен, Берік Әбдіғалиұлы халық есінде қалай қалды? Берік Әбдіғалиұлы қызметтес болған ұлытаулықтардың айтуынша оның тұсында Жезқазған, Сәтбаев қалаларында көптеген әлеуметтік, түйткілді мәселелер шешімін тапқан. Жаңадан құрылған облысты аяқтан тұрғызу оңай еместігі белгілі.
Берік Әбдіғалиұлымен жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына көп еңбек сіңірді. Құлап қалған облыстың аяқтан тұрғызу да оңай емес. Жезқазған қаласының өзінде жолдардың жөнделуіне, Сәтбаевтағы жылу, су желілерінің жаңартылуына көңіл бөлді. Бюджеттен қаржы бөлініп, жылу жүйелердің қалыпқа келтірілуіне септігін тигізді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл азамат халықпен етене араласып, тіл табысты, тұрғындардыі түйткілді мәселелерін шешуде барынша қарапайымдылық танытты. Берік Әбдіғалиұлын өз ісінің маманы, сабырлы азамат ретінде танимыз, - дейді Сәтбаев қаласы жылумен, сумен қамту мекемесінің директоры, мәслихат депутаты Ержан Тоқымбаев.
Жезқазған тұрғыны, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Құлымбет Бірімжанов жаңадан құрылған Ұлытау облысының экономикасы 2,5 жылда тиісті деңгейде дамымады деп санайды.
Жалпы Ұлытау облысының ғана емес, еліміздің экономикасында 2019 жылдан бастап прогресс жоқ. Ал жаңадан құрылған облыстың экономикасын дөңгелетіп әкету тіпті оңай емес. Берік Әбдіғалиұлы аймақ басшысы болған уақытта облысты дамыту жобалалары мен жоспарлары тиісті деңгейде іске аспады. Бірақ бұған бір адамды кінәлауға болмайды. Менің ойымша, жуас адамдардың заманы өтіп кетті. Қазір ел басқаруда мінез керек. Аймақтың табиғи байлықтарға, шикізатқа бай екендігі белгілі. Бірақ тек ғана шикізат өндірісімен алысқа бармасымыз анық. Өңірді дамыту үшін жаңа заманауи өндіріс орындары ашылып, IT технологиялар енгізу қажет. Сондай-ақ, жаңа идея айта алатын жас буын жастарға жол беру керек деп ойлаймын. Жезқазған аймағында кадр мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Бізде бағзы заманнан осылай. Білікті мамандарды өңірде ұстап қалу қиын. Жаңадан келген әкім осы мәселелерді қаперінде ұстауы керек, - дейді Құлымбет Бірімжанов.
Берік Әбдіғалиұлы өзі қызмет істеген жылдары аймақта мәдениеттің, спорттың дамуына да көңіл бөлген. Ұлытау облысы Көкпар федерациясының басшысы Ғазиз Хасеновтың айтуынша, Берік Әбдіғалиұлы ат спортының дамуына қолдау білдіріп отырған.
Берік Әбдіғалиұлы ұлттық спорттың, әсіресе көкпардың дамуына барынша қолдау білдірді. Аймақтың ұлттық спорт саласындағы жетістіктері аз емес, - дейді Ғазиз Хасенов.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, күйші Мұхамеджан ақсақал Берік Әбдіғали әрдайым өңірдің ақсақалдарымен кеңесіп отырғандығын айтады.
Ұлытау облысының ән мен күйдің, өнердің ордасы болуына көп еңбек сіңірді. Ол ауыл ақсақалдармен кеңесіп, олардың батасын алды. Халықтың имандылыққа бет бұруына, жаман әдеттерден алшақ болуы үшін ақсақалдар институтын назарда ұстады. Жиын, тойларда имандыдылық жайлы айтқанымызды барынша қолдап отырды, - дейді Ұлытау облысының құрметті азаматы, күйші Мұхамеджан Төлеуханов.
Мұхамеджан ақсақал Ұлытау облысының бұрынғы әкімі Б.Әбдіғалиұлы әкім ретінде жұмысты жақсы бастағанымен, кадр мәселесінде көптеген қателіктер жіберді деп санайды.
Бұрынғы Жезқазған облысы құлағаннан кейін мұнда ештеңе де қалған жоқ, бәрі талан-таражға ұшырағанын білесіздер. Ұлытау облысы болып құрылғаннан кейін оны дамыту, жұмысты бір соқпаққа салу оңайға соқпады. Берік Әбдіғалиұлы кадр мәселесінде сәтсіздіктерге ұшырады. Оның қарамағындағы бірнеше қызметкері пара алғаны үшін істі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлытау облысы еліміздегі даму рейтінгі бойынша артта қалды. Қалай дегенменде, Берік Әбдіғалиұлын жұмысына берілген, халықпен сыйласқан, адамгершілігі мықты азамат ретінде танимыз, оны әрдайым сыйлаймыз, - дейді Мұхамеджан Төлеуханов.
Биыл ақпанда Ұлытау облысының мәдениет, тілді дамыту және мұрағат істері басқармасының жетекшісі 2,3 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп, сот оны тамыз айында 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса Ұлытау облысының табиғи ресурстар басқармасының жетекшісі де су тасқынын жоюға берілген қаражатты жымқырды деп айыпталған.
Берік Әбдіғалиұлы басқарған жылдары аймақта жұт болып, жылқы малының жаппай қырылуымен есте қалды. Облыс әкімдігі өтен жылы қыс азығын дайындау үшін фермерлер мен шаруа қожалықтарына 1 млрд 400 млн теңге субсидия бөлгенімен, бұл қаржы халықты жұттан сақтап қала алмады.
Қыста жауған жаңбырдың соңы қатты аязға ұласып, даладағы жылқы малы шөп тауып жей алмады. Осылайша, көктем келе Ұлытауға апарар күре жолдың бойы өлген жылқылардың өлексесіне толды. Ресми деректер Ұлытауда қанша мал қырылғаны жайлы нақты ақпарат бермеді. Халық биылғы жұтта 2000-нан аса жылқы малы өлгенін айтады.
Талай жыл маңдай терімізбен жинаған малымыз көктемде қырылып қалды. Әкімдіктен, шенеуіктерден ешқандай көмек болмады. Әркім өз проблемасын өзі шешті, - дейді Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны Әбдікәрім Өмірзақұлы.
Дегенменде, аймақта оң өзгерістер де жоқ емес. Облыста жаңа мектептер мен фельдшерлік бөлімдердің құрылысы жүріп жатыр. Жезқазғанда мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Наурызда 33 ұлытаулық отбасы қоныс тойын тойлады.