Ұлытау облысында оқушылар бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жүр

30 Қазан 2024, 12:22
7606
Бөлісу:
Ұлытау облысында оқушылар бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жүр
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыста Ұлытау облысындағы ауылда оқушылар бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жатқанын айтып, мәселені шешуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Мыңадыр ауылында 90 оқушы бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жатыр. Бұл мәселенің шешімі табылмай келе жатқанына жылдар болды. Нақты статистикаға жүгінсек, ауыл балаларында жыл сайын өсім бар. Болашағы бар мұндай ауылды жылдар бойы жер кепеде қамап қойғанымыз әділетке қайшы деп ойлаймыз, - дейді Аманжол Әлтай.

Сонымен бірге Қаражал қаласының Теміржол мөлтек ауданында 1957 жылы салынған 30 балаға ғана арналған әдбен ескірген апаттық жағдайдағы мектепте 254 контингенттен тұратын оқушылар білім алып жатыр. Оның көпшілігі қала орталығындағы басқа мектепке автобуспен тасымалданып оқиды.

Былтыр дәл осы мектептің төбесі құлап, адам шығыны болған жоқ. Осы мәселені Асхат Аймағамбетов екеуіміз Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанмен қор арқылы қаржыландыруға келіскен едік. Бірақ алғашқы берген уәдесінен тайып, «қорда қаржы жоқ, қаржыландыра алмаймыз» деген жауап алып отырмыз. Бастапқыда жергілікті бюджеттен қаржыландыру керек деген жауап алған едік, бірақ жергілікті бюджет ол мектептерді жақын арадағы 5-10 жыл ішінде «қаржыландыруға ақшамыз жоқ» деп ашығын айтып отыр. Енді тұйыққа тіреліп отырмыз. Осы мәселе шешімін табуы керек деп ойлаймыз, - деп айтып, Аманжол Әлтай мәселені шешуді талап етті.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл мектептер қаржының болмауынан жөнделмей тұрғанын айтты.

Иә, бұл мектептердің барлығы қорға келген қаражат есебінен қарастырылатын болған. Қазір шынымен қорда қаржының жоқтығына байланысты біраз мектептер тоқтап қалды. Бірақ 2025 жылғы жоспарымызда бұл бар. Егер қаржы уақытылы түссе, онда бұл мектептердің құрылысын немесе күрделі жөндеуін қарастырамыз. Жоспарымызда бар, - деп жауап берді Дүйсенова.

Өзгелердің жаңалығы