Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Ұлытау облысында әлеуметтік инфрақұрылымның 81 объектісі толық бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023 – 2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Аманат» партиясының жол картасында 2023 – 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20 %-ы бейімделуге жатады.
Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 16 175 объект толығымен бейімделген.
Осы жылдың соңына дейін Ұлытау облысы бойынша 148 объектіні бейімдеу жоспарланған, оның ішінде қазіргі уақытта 81 объект бейімделген.
Мәселен, өңірдегі 81 объектінің ішінен төмендегі объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:
- мемлекеттік ұйымдар – 27;
- білім беру объектілері – 23;
- мәдениет нысандары – 16;
- сауда және қызмет көрсету объектілері – 7;
- денсаулық сақтау объектілері – 5;
- спорт нысандары – 2;
- көлік инфрақұрылымының объектілері – 1.
Қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жайлы орта қалыптасып келеді. Жақында С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасалынды. Сондай-ақ, облыс бойынша әлеуметтік инфрақұрылымды талаптарға сәйкес бейімдеу бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бұл бізді ерекше қуантады, – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Мұрат Алдажаров.
Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 72 тексеру жүргізді, оның ішінде: 19-ы жоспардан тыс тексерулер, 21-ы профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 32 тексеру болды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 21 ұйғарым берілді, 3,36 млн теңгеден астам сомаға 17 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.