2025 жылдың соңына дейін Ұлытау облысында ауылдық және аудандық медицина нысандары толық жаңарады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірнеше мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Ұлытау селосындағы аудандық аурухана. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қолға алынған жоба келер жылы пайдалануға беріледі. Ұлытау аудандық аурухананың құрылысы қыркүйек айында басталған. Қазір мұнда 60 адам еңбек етеді. Мердігер ғимараттың қабырғалары жақын арада қаланып бітсе, төбесі жабылса, одан әрі ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеіндіктерін айтады.
Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін 5 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт және Жаңаарқа ауданында емхана пайдалануға беріледі. Ал келер жылы «Ауыл – ел бесігі» және өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы арқылы 15 елді мекенде түрлі деңгейде медициналық нысандар бой көтереді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жаңаарқа мен Ұлытау ауданына 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік пункт және де 5 медпункт құрылысы осы 2024 жылы басталады, - дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.
Бұдан бөлек, жергілікті қазына есебінен Жезді кентіндегі аурухана да жаңа кейіпке енеді. Сонымен қатар өңірдегі кіші медицина қызметкерлерін даярлайтын Жезқазған медициналық колледжі толық жөндеуден өтеді.