Наурыз мерекесімен қоса айтылатын «Ұлыстың ұлы күні» тіркесіндегі ұлыс сөзінің мәнін түсініп жүрміз бе?
Түркияның ЮНЕСКО-дағы елшісінің орынбасары, профессор Мэтин Экижи Наурыз мерекесінің түркі жұртында Жаңа күн атымен ежелгі дәуірлерден бері бар болғанын дәлелдейді. Түркі тайпаларының Орта Азиядан оңтүстік батысқа жасаған ұлы көштері негізінде бұл мереке парсылар арасында таралып, «Жаңа күн» деп аталып кетті. Профессор Мэтин Экижи парсы тілінің түркілер арасында әдеби тіл ретінде қолданылуы себепті түркілерге наурыз формасында тікелей аударылып кіруі заңды құбылыс екендігін айтады.
Расында, наурыздың түркілерден таралғаны ақылға қонымды. Неге десеңіз, біріншіден, күн мен түннің теңелетін уақытын дала түркілері жақсы білген, мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді түркі халықтары табиғат заңын отырықшы, саудагер парсыларға қарағанда өте жақсы білген, сол себепті бұл күнді ерекше күтіп, жаңа жылдың осы күннен бастау алатынына сенген.
Екіншіден, наурыз айының Қазақша жыл санау бойынша «Жыл басы» болуы тегін емес, бұл да Наурыздың түркілерден тарағанының тамаша дәлелі.
Үшіншіден, төл мерекеміз екендігінің тағы бір белгісін қазақ даласында бұл мейрамды «Ұлыстың ұлы күні» деп таза қазақша атауынан көруге болады. Расында, түркі жұртының барлығы дерлік парсының Наурыз сөзін қолданып жатса, қазақтар «Ұлыстың ұлы күні» дейді.
Төртіншіден, «Көрісу» мерекесінің де Наурызбен тұспа-тұс келуі, бұның қазақ арасында бұрынғы уақыттарда кең таралғаны, қазіргі кезде тек Батыс Қазақстанда сақталуы, Ұлыстың ұлы күнінің төл мерекеміз болғанын көрсетеді.
«Ұлыстың ұлы күні» тіркесінің мәні қандай? Ұлы атауда қандай түсінік жатыр? Ең алдымен, бұл Наурыз атауының қазақша баламасы. Мұндағы ұлыс қазақ тілінде актив қолданылатын сөз емес. Сондықтан мағынасы да қалың көпшілік тарапынан көп түсініле бермейді. Сонымен, ұлыс «халық» мәніндегі сөз. Арабтың халық сөзінің актив жұмсалуынан ұлыс сөзінің қолданыс аясы тарылды. Бүгінгі күні «Ұлыстың ұлы күні» тіркесінде сақталған.
Түркі тілдерінде «с/ш» дыбыстарының «т»-ға ауысу құбылысын ескерер болсақ, (ошақ=отау, шошала=тошала, саяз=таяз, сықырлау=тықырлау, қылшық=қылтық, т.б.) ұлт сөзінің де ұлыс сөзіне қатысты екендігін дәлелдеуге болады. Көне түркі тіліндегі ұлыш тұлғасы қазақ тілінде алдымен ұлыс, содан соң ұлыт (қырғыз тілінде улут), кейінірек ұлт формасына ауысқан болуы керек. Көне тұлғасы ұлыш болған сөз көне дәуірлерде моңғол тіліне енген. Моңғол тілінен қайта айналып, Шыңғыс хан дәуірінде ұлыс формасында және «мемлекет, хандық» мәнінде кірген: Шағатай ұлысы, Жошы ұлысы, т.б. сияқты. Бір қызығы, бұл сөз орыс тіліне де кіріп, кейін қазаққа волость, одан кейін қазақ тілінің сингармонизм заңына сәйкес болыс болып өзгерді. Сонда қазақ тілінде бір түбірден тараған ұлыс, ұлт және болыс варианттары түрлі мағыналарда жұмсалуда.
Ұлт тұлғасы актив қолданылып, ұлыс формасы болса, «Ұлыстың ұлы күні» сияқты ұлы тіркесте сақталған. Соның негізінде Ұлыстың ұлы күні тіркесін «Ұлттың ұлы күні» деп аудара аламыз. Ұлыстың ұлы күнінде айтылатын Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын алғыс-тілегінде де ұлтымыздың жағдайы оң болсын деген мән жатыр.
Енді жалпы наурыз айы сол атауымен қалып, Наурыз мерекесі болса, ресми түрде «Ұлыстың ұлы күні» деп аталса ғой деген тілегіміз бар.