Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонды Ұлыбританияның премьер-министрі лауазымына сайлануымен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Борис Джонсонды Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің және Солтүстік Ирландияның премьер-министрі лауазымына сайлануымен құттықтады.
«Басқарушы Тори партиясының көшбасшысын сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз Ұлыбританияның игілігі жолында қол жеткізген таңқаларлық табыстарыңыздың және адал қызметіңіздің мойындалуын көрсетеді», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ұлыбританияның стратегиялық серіктестікті берік достық, өзара сенім мен түсіністік негізде дамытып отырғанын атап өтті. Қазақстан президенті екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылуына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонға жаңа қызметте табыс, сондай-ақ, британ халқына бақ-береке тіледі.
Бұған дейін британдық парламенттің депутаты Борис Джонсон Ұлыбританияның премьер-министрі болып сайланғаны туралы хабарланған болатын. Reuters агенттінің деректеріне сүйенсек, Джонсонға Консервативтік партияның 92153 мүшесі дауыс берген. Бұл қызметке дейін ол СІМ басшысы болған.