Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлыбританияда баспана беру саясаты қатаңдайды

16 Қараша 2025, 14:49
460
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Ұлыбританияда босқын мәртебесі бұрынғыдай бес жылға емес, енді тек 30 айға ғана берілетін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Шабана Махмудтың айтуынша, бұл мәртебе белгілі бір мерзім сайын қайта қаралып отырады. Ал босқындар өз елдері қауіпсіз деп танылған сәтте сол жаққа қайта оралуға тиіс. Бұдан бөлек, кейбір баспана сұраушыларға көрсетілетін заңмен бекітілген қолдау: тұрғын үй беру және апта сайынғы төлемдер алынып тасталады. Мұндай көмекті билік тек өз қалауымен көрсете алады және, мысалы, баспана сұраушы қылмыс жасаса, бұл қолдау кері қайтарылуы мүмкін.

Махмудтың айтуынша, Ұлыбритания «қауіп-қатерден қашқандарды құшақ жая қарсы алу дәстүрімен әрдайым мақтанып келген», алайда «осы жомарттық заңсыз мигранттарды өзіне тартып отыр». Министрдің сөзінше, көптеген адамдар Еуропаның «қауіпсіз елдері» арқылы өтіп, Ла-Манш бұғазы арқылы Ұлыбританияға өтеді, — деп жазады басылым.

BBC дерегіне сәйкес, Ұлыбританияда баспана алған адамдар тұрақты тұруға өтініш беру үшін 20 жыл күтуге мәжбүр болады.

Ал бұл шараларды елдегі жүзден астам ұйым сынға алып, мұндай өзгерістер "жүйеге зиян келтіреді" деп мәлімдеді. Ұлыбританияның Босқындар мәселесі жөніндегі кеңесі мигранттар бұл елге отбасылық байланыстар немесе тілді білу сияқты себептермен келеді, ал баспана беру жүйелерін салыстырып таңдамайды дейді.

2025 жылдың наурызына дейінгі 12 ай ішінде Біріккен Корольдікке 109 343 адам баспана сұрап өтініш берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп көрсеткіш.

Өзгелердің жаңалығы