Ұлыбритания Норвегия, Германия, Нидерланды және тағы алты еуропалық елмен бірге Солтүстік теңізде жел электр станцияларының ауқымды жобасын іске асыруға қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Жоба аясында жел электр станциялары бірнеше елді суасты «интерконнектор» кабельдері арқылы тікелей байланыстырады.
Британ үкіметі бұл бастама энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, қазба отынға тәуелділікті азайтады деп есептейді. Жобаны 2050 жылға дейін аяқтау жоспарланған, ал 2030 жылға қарай қуаттың кемінде 20 гигаватты іске қосылуы тиіс.
Сарапшылар интерконнекторлар электр энергиясының бағасын тұрақтандырып, шығындарды азайтуы мүмкін екенін айтады. Ұлыбритания тұтынушылары осындай кабельдер арқылы 2023 жылдан бері 1,6 млрд фунт үнемдеген.
Дегенмен сын айтушылар жел электр станцияларын жедел дамыту электр тарифтерінің өсуіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Сондай-ақ Норвегияда электр энергиясын экспорттау ішкі нарықтағы бағаның қымбаттауына әсер етуі мүмкін деген пікір бар.
Жоба Еуропаның жаңартылатын энергия көздерін дамытуға деген стратегиялық ұстанымын көрсетеді. Қазіргі таңда теңіздегі жел энергетикасы бойынша Қытай көш бастап тұр, ал Ұлыбритания әлемде екінші орында.