Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлыбритания Путиннен бастап барлық ресейлік шенеуніктерді бақылауға алады

Олжас АДАЙ
3 Сәуір 2025, 16:01
1705
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Ұлыбритания билігі ресейлік шетелдік агенттерге арналған жаңа тіркеу жүйесін енгізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Ұлыбритания үкіметі елді зиянды шетелдік ықпалдан қорғауға тырысуда. Ұлыбритания парламентінің Қауымдар палатасында сөйлеген Ішкі істер министрінің орынбасары Дэн Джарвистің айтуынша, Ресей мемлекетінің атынан Ұлыбританияда әрекет ететін барлық тұлғалар Шетелдік ықпал агенттері тізіміне (Foreign Influence Registration Scheme, FIRS) тіркелуі тиіс болады.

Бұл талапты орындамағандарға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Джарвистің айтуынша, Ұлыбритания билігі арнайы тізімге “Ресей Федерациясы басшысымен, оның үкіметімен, мекемелерімен және федералды әрі аймақтық билік органдарымен, соның ішінде қарулы күштермен, барлау қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, заң шығару және сот жүйелерімен байланысты” барлық тұлғаларды тіркеуге міндеттемек.

Бұл Ресей тарапынан төнетін мемлекеттік қауіптердің бүкіл ауқымына жауап беруімізді қамтамасыз ету үшін жасалып отыр, – деп түсіндірді шенеунік.

Біз бұл тізімге Ресей бақылауындағы бірнеше саяси партияны, соның ішінде «Единая Россия» партиясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – осы ресейлік құрылымдармен келісім аясында әрекет ететін кез келген жеке немесе заңды тұлға FIRS жүйесіне тіркелуге міндетті болады деген сөз, – деп нақтылады Джарвис.

Үкіметтің айтуынша, бұл бағдарлама “елімізге қарсы бағытталған зиянды әрекеттерді анықтап, жолын кесуге арналған негізгі құралға” айналады.

Бағдарлама бойынша бірінші енгізілген ел – Иран болды. Алайда кейбір заң шығарушылар Қытай неге бұл бағдарламаға енбегенін сұрап, мәселе көтерді.

Джарвис Ресейдің соңғы жылдардағы дұшпандық әрекеттеріне мысал ретінде 2018 жылы бұрынғы ресейлік тыңшы Сергей Скрипаль мен оның қызына қарсы “Новичок” жүйке уын қолдану оқиғасын, британ парламентінің мүшелеріне қарсы кибершабуылдарды және басқа да тыңшылық әрекеттерін келтірді.
“Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруі оның Еуропа мен жаһандық қауіпсіздікті әлсіретуге бағытталған ниетін айқын көрсетті”, – деп түйіндеді Джарвис.

Өзгелердің жаңалығы