Нұр-Сұлтан қаласы - Қазақ халқына ұлы ескерткіш - Жабал Ерғалиев

23 Наурыз 2019, 18:37
4857
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан  қаласы - Қазақ халқына ұлы ескерткіш - Жабал Ерғалиев

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел Астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту - байыпты, байсалды шешім. Бұл - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының 5-6 шақырылымының депутаты Жабал Ерғалиевтің пікірі.

Көкшетау қаласының құрметті азаматы Елорданың атауын еліміздің Тұңғыш Президентінің құрметіне өзгерту көп көтерген бастама деп біледі. Халықтың сұрауы болса, бұл шешім құптарлық екені анық.

«Елімізде тарихи оқиғалар болып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәрте даналығы мен көрегенділігін көрсетіп, өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтатқанын халқымыз жақсы біледі. Соған орай мемлекетті басқару қызметке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді. Мен өз басым, бұл шешімді өте орынды деп есептеймін. Өйткені, Тәуелсіз елімізді қалыптастырудағы Елбасының тарихи рөлін айтудың өзі артық, оны халқымыз біледі. Ел Астанасын Алматыдан Сарыарқаның төсіне көшірудің өзі - үлкен көрегендік және ерлік. Бұл біздің еліміздің болашағы үшін, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту үшін қажет шара болатын. Президент Тәуелсіздіктің мәңгілігі үшін, Қазақ халқына ұлы ескерткіш ретінде Астананы тұрғызып берді. Астана Елбасының мәңгілік ерлігінің белгісі», - дейді Жабал Ерғалиев.

Жабал Ерғалиев Астана шаһары Қазақстанның Тәуелсіздігін көз алдымызға елестеткізген қала екенін баса айтты.

«Астана - Тәуелсіздіктің бәйтерегі, Астана Тәуелсіздік символдарының бірі. Сондықтан, осы қаланы үлкен ерлік танытып салғызған тұлғаның есімін беруді құптаймын. Астананың әр сәулетті ғимараты, әр бірегей құрылыс нысандары, орман-парктерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар. Біз Елбасының ерлігін жоғары бағалап, әрдайым құрмет тұтамыз. Нұр-Сұлтан мәңгілік еліміздің астанасы болсын!», - дейді Жабал Ерғалиев.

Өзгелердің жаңалығы