Ұлы дала жорығы: Маңғыстау облысының командасы жарыстан шықты

17 Қыркүйек 2023, 15:43
870
Бөлісу:
Ұлы дала жорығы: Маңғыстау облысының командасы жарыстан шықты
Фото: JORYQ федерациясы

Маңғыстау облысы “Көкмойнақ” командасы жорықты жалғастырудан өз еркімен бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

“Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Қызылорда облысы Шиелі ауданында өтіп жатыр. Таңғы сағат 7:00-ден 8 команда кезекті 100 шақырымды бағындыруға аттанды. Маңғыстау облысы командасы аттарының шаршап қалуына байланысты старт сызығына келмеді.

Бұған дейін, 11-кезеңде Маңғыстау облысының команда капитаны жарыстан шығып қалып, “Көкмойнақта” 3 ат қалған еді. 11-кезең бойы үздік болып келген маңғыстаулықтар тәуекелге бармай, аттарын зорықтырмай, келесі жылғы марафон-бәйгеге тыңғылықты дайындауды жөн санағанын жеткізді.

11 кезең нәтижесі бойынша, Маңғыстау облысының “Көкмойнақ” командасы 18 команданы шаңына да ілестірмей келген. 1050 шақырымды артта қалдырып, финишқа 250-ақ шақырым қалғанда мұндай шешімге келуі - күтпеген жағдай болды. Аттары жорықты жалғастыруға жарап тұрса да, жорықты тоқтатуы - атақ-абырой, жеңіс пен жүлдеден аттарының амандығын алдыңғы орынға қоятынын сездірді.

Бүгінде экс-чемпиондардың орнын Қостанай облысының командасы басты.

Енді Адай жылқысының абыройы 1300 шақырымды 1 атпен бағындыруды мақсат еткен “Рекорд” командасындағы маңғыстаулық шабандоздың мойнында.

Бұдан бөлек командадан тыс 4 шабандоз белгіленген межені еңсеруге жалғыз жорытып барады.

Өзгелердің жаңалығы