Ұлы дала квартиранттары. Депутат Дәулет Мәжілісте баспана мәселесін көтерді

5 Сәуір 2023, 12:34
10741
Бөлісу:
Ұлы дала квартиранттары. Депутат Дәулет Мәжілісте баспана мәселесін көтерді
Фото: sn.kz

Мәжілісте депутат Дәулет Мұқаев депутат ретінде өзінің алғашқы сауалын жолдады. Ол баспана мәселесін көтеріп, өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәулет Мұқаев атап өткендей, елімізде қолжетімді баспана – ең өзекті мәселелердің бірі.

Халқымыздың «ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр, - деді ол.

Мұқаев осы мәселеге қатысты өзінің бірнеше ұсынысын жолдады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу қажет. «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр, - деп айтты ол.

Оның айтуына қарағанда, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыда кемінде кемі 6 адам бар. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр.

Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40%-ға жуығы (әрбір үшінші жұп) ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Жас отбасы» бағдарламасын бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай ұсынамын. Бүгінгі таңда Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна – 50%. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудыртады, - деп есептейді депутат.

Сонымен қатар Мұқаев 7-20-25 бағдарламасын да сөз етті.

Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр болып жатыр. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр, - деп айтты депутат.

Депутат жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесін де көтерді. Айтуынша, жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1 000 пәтерден 3 000 пәтер берілу керек еді. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін 2022 жылы толық алмады.

Яғни бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ? Баспана мәселесі бірден шешілмейтіні анық. Дегенмен оған деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қару қажет. Талап бар жерде, межелі міндеттер де орындалады деген сенімдемін, - деп мәселені көтерді ол өз сауалында.

Өзгелердің жаңалығы