Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысының айтуынша, былтыр Үкімет қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген.
Оның негізгі мақсаты – күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыру. Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады. Әрбір бағыт бойынша міндеттер, нәтижелердің көрсеткіштері және іске асыру іс-шаралары белгіленген. 2021 жылы 26 іс-шара іске асырылып, 17 көрсеткішке қол жеткізу қамтамасыз етілді. Өз кезегінде, 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 34 іс-шараны орындау және 17 көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. Ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету шеңберінде өткен кезеңде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына қаралу саны 51 млн қабылдауды құрады, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар жедел жәрдем қызметі 4 млн-ға жуық шақыртуға қызмет көрсеткені белгілі болды.
Медициналық авиация 1 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Стационарларда шамамен 1,5 млн науқас емделді, 350 мыңнан астам операция жасалды, 200 мыңға жуық әйелді босандыру жүргізілді. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі жетілдірілді. Нәтижесінде ауылдарда 50 адамға дейін медициналық көмек көрсетуді мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бірден үшке дейін ұлғайтылды. Арнайы мамандарға кезектілікті азайту мақсатында Жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету жөніндегі қағидалар бекітілді, - деді еліміздің бас дәрігері.
Деректерге сүйенсек, өткен кезеңде күрделі және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілген.