Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды

7 Мамыр 2022, 11:00
2010
Бөлісу:
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6 мамыр күні Ақордада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов II дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлағандай,II дәрежелі "Айбын" орденімен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Қуатов, 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Көлбаев, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен 5518 әскери бөлімінің офицері, подполковник Талғат Оразғалиев марапатталды.

Марапат иелері 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезеңінде жеке құрамның іс-қимылдарын басқару бойынша ел қалаларында қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысты, сондай-ақ, стратегиялық объектілерді күзету мен қорғауды, арнайы жүктерді тасымалдауды ұйымдастыруға атсалысты.

Сонымен қатар, Жоғарғы Бас Қолбасшы бірқатар офицерлерге елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін генералдық погондар тапсырды. Сонымен, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Константин Воронкин, "Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Сакентай Шекарбеков "генерал-майор"жоғары әскери атағына ие болды.

Сол күні Ішкі істер министрлігінде министрлік басшылығы мен орталық аппараттың жеке құрамы, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қатысуымен мерекелік іс-шара өтті.

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов барлық қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның үздік нәтижелерімен ерекшеленген  қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті.

Ішкі істер министрінің қолынан құқық тәртібі әскерлерінің мынадай әскери қызметшілері өздерінің мемлекеттік ведомстволық наградаларын алды: подполковник Жандос Көлбаев, полковник Олег Кулаков, медицина қызметінің подполковнигі Саябек Септегенов.

ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланының  барлығы 25 қызметкері мемлекеттік наградалармен  марапатталды, арасында 8 жоғары генералдық шенге қол жеткізді.  Жалпы 820 қызметкер мен әскери қызметшілер ведомстволық наградалармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы