Кешкі сағат 22.00 шамасында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінен бөлінген әскери жасағы Астана қаласының Алматы ауданында патрульдік қызмет атқарып келе жатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сол сәтте қатардағы Б. Богумбаев бастаған, құрамында қатардағы В. Брикоткин мен М. Әбибулла бар әскери жасақ қарды ақтарып жатқан күдікті азаматты байқайды.
Бізді көрген азамат оқиға орнынан қашқысы келеді. Алайда, оны алысқа жібермей қолға түсіредік. Тексеру барысында азаматтан салмағы 1 грамды құрайтын ақ түсті ұнтақ тектес зат пен 9 грамға жуық қара жасыл түсті спецификалық иісі бар целлофан пакеттер табылады,- дейді әскери жасақ бастығы қатардағы Б. Богусбаев.
Оқиға орнына тергеу - жедел тобы шақырылып, күдікті құзырлы органдар өкілдеріне тапсырылады.