Ұлттық ұланның бұрынғы сарбазы Мұхтар Ербаян ауыр жарақаттан кейін Түркияда ем қабылдайды. Стамбулдағы Medipol Global клиникасында оған нейромодуляторлық терапия жасалмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызмет атқару кезінде 2023 жылы ауыр бас-ми жарақатын алған науқас Ыстамбұл қаласында орналасқан Түркияның жетекші клиникаларының бірі – Medipol Global-да нейромодуляторлық терапия курсынан өтпек.
Министрліктің ресми хабарламасында емдеуге жіберу туралы шешімді комиссияның жұмыс органы мақұлдағаны айтылды. Сапардың мақсаты – арнайы терапия курсын өткізу және науқастың соматикалық жағдайын тұрақты деңгейде ұстау.
Бұған дейін Мұхтар Ербаян Қазақстанда қарқынды ем қабылдаған болатын: алдымен Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада, кейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында. 2024 жылдың тамызынан 2025 жылдың қаңтарына дейін ол Түркияда отбасылық қолдаумен ұйымдастырылған қалпына келтіру емінде болды. Елге оралған соң дәрігерлердің бақылауымен үй жағдайында оңалтуды жалғастырды.
Науқасты Астанадан Ыстамбұлға Қазақстан Ішкі істер министрлігінің арнайы бортымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобильді бригадасы алып барды. Ыстамбұл әуежайында оны клиника өкілдері қарсы алды. Дәрігерлердің айтуынша, тасымалдау сәтінде Ербаянның жағдайы тұрақты болған, ол трахеостомиялық тыныспен қамтамасыз етілуде.
Еске салсақ, 2023 жылы Астанадан шыққан мерзімді әскери қызметші Мұхтар Ербаян Алматыдағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде бас-ми жарақатын алды. Әскерилер мұны «әжетханада құлап кеткен» кездейсоқ жағдай деп түсіндірген. Алайда туыстары оған сенбеді. «Жарғыдан тыс қатынастар» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін сараптама қорытындыларынан соң адвокаттар іс материалдарына «ауыр дене жарақатын келтіру», «қорқытып алу» және «азаптау» баптарын қосуды талап етті.
Күзде зардап шегуші қазақстандықтардың жинаған қаржысы есебінен Түркияға емдеуге жіберілген. Қаңтарда елге оралды, бірақ жағдайы әлі де ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етеді.
Ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары, әділет полковнигі Мақсат Қазиев осы іс бойынша әлі күдіктілер жоқ екенін мәлімдеген.