Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мерекені тойлау күндері 5573 әскери бөлімінің сарбаздары жоғалып кеткен қыз баланы тауып, ата-анасына табыстады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.
Кешкісін Есіл ауданындағы «Хилтон» қонақүйінің маңында қызмет кезінде қатардағы басшы Еркебұлан Мұқанов, қатардағы патруль Ерасыл Оралхан мен Темірлан Бұлхайыр құрамындағы әскери наряд жылап тұрған қыз баланы байқайды.
Әскери қызметкерлер қыз баламен тілдесе келе, оның адасып кеткенін және үйіне қайта алмай тұрғанын, ұялы телефонының қуаты сөніп қалғандықтан ата-анасына хабар бере алмағанын біледі.
Ата-анасының байланыс нөмірі мен тұрғылықты мекенжайын анықтаған соң ұландықтар баланы үйіне дейін жеткізіп салды.