Астанада орналасқан Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің сарбаздары қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде есінен танып қалған әйелге алғашқы көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 30 маусым күні сағат 17:00 шамасында орын алды. Қала тыныштығын қадағалап жүрген патрульдік топ бастығы қатардағы жауынгер Жанат Балтин және оның көмекшілері Сұлтан Тумаков пен Исмайыл Керей “Атырау” жаяу жүргіншілер көпірінің жанындағы патрульдеу бағыттарының бірінде есінен танып қалған әйелді көреді. Ұландықтар оған дереу алғашқы көмек көрсетіп, бетін бері қаратқан.
Біз өзімізге жүктелген жерді барлау барысында күтпеген жерден көшеде ес-түссіз жатқан әйел адамды көрдік. Оған жүгіріп барып, алғашқы көмек көрсеттік. Содан кейін оқиға орнына дәрігерлер шақырылды, - деді қатардағы жауынгер Жанат Балтин.
Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін әйел қалалық ауруханаға жеткізілді.
Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.