Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

11 Маусым 2025, 13:55
1071
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Қазіргі әлемдік экономикадағы жаһандану үрдістері мен халықаралық интеграцияның тереңдеуі Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасады. Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық жобалар мен бірлескен бастамалар – бұл өңірдегі тұрақты даму мен өңіраралық байланыстарды нығайтудағы маңызды фактілердің бірі.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және индустриялық жобалар Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігін тереңдетіп, экономикалық даму мен экологиялық тұрақтылыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.

BAQ.KZ тілшісі Орталық Азия мен Қытай БАҚ өкілдерінің Қазақстан өңірлеріне жасаған сапарлары кезінде танысқан жобалары мен тәжірибелері жөнінде пікірлерін білді. Бұл баспасөз турын "Жэньминь жибао" басылымы "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстыру мақсатында ұйымдастырды.

«Астана заманауи қала келбетімен бізді ерекше әсерге бөледі»

«Uzbekistan 24» радиостанциясы мен «tnews.uz» сайтының тілшісі Абдувохид Ачилов Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті Орталық Азия елдерінен келген журналистер үшін ұйымдастырған баспасөз туры – Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың ауқымын жан-жақты көрсетуге бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті. 

Бұл бастама журналистердің тәжірибе алмасуына, өзара байланыс орнатуына жол ашып қана қоймай, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының нақты жемістерін көрсетеді.

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

Мен бұл турға екінші мәрте қатысып, Қытай мен Қазақстан арасындағы шамамен он ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын өз көзіммен көрдім. Атап айтқанда, Kazpost компаниясы арқылы екі ел арасында онлайн-сауданың сапасы артты. Пошта жөнелтілімдерін сұрыптау және жеткізілмей қалған сәлемдемелерді иесіне қайтару процесі айына үш есеге артқан. Бұл табыстың ұжымдық табысқа әсер ететіні сөзсіз, - деді шетел тілшісі.

Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнында орналасқан CITIC Envirotech су тазарту зауыты – Орталық Азиядағы жалғыз нысан. Бұл жоба экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, Ресейдегі Еділ өзенінен алынатын судың көлемін айтарлықтай азайту арқылы мұнай өндіру үдерісін тиімді ете түсуде.

Сондай-ақ Ақтаудағы қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны жылына 1,5 миллион тонна мұнай өңдеп, 1 миллион тонна битум өндіреді. Алдағы уақытта кәсіпорын авиациялық отын өндіруді қолға алмақ, бұл тек екі елге емес, бүкіл өңірге үлгі боларлық жоба болмақ.

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы агроөнеркәсіптік кластер де экспорттық әлеуеті зор жобалардың бірі. Мұнда өндірілетін ұн, май және құрама жем шетелге жөнелтіледі. Қарағанды облысындағы Саран қаласындағы QazTehna зауытымен танысу барысында автобустардың өндірісімен жақынырақ таныстық. Бұл көліктер қала ішіндегі жолаушылар тасымалын анағұрлым ыңғайлы етуге сеп болды. Өзбекстан бұл зауыттан Yutong компаниясының 800 автобусын сатып алған, қазіргі таңда кейбір жаңа үлгілері сынақтан өтіп жатыр, - деп ойын айтты Абдувохид Ачилов.

Тур аясында Алматы маңындағы таулар мен көлдерге сапар секілді бейресми шаралар да ұйымдастырылды.

Қазақстан астанасы Астана – заманауи қала келбетімен бізді ерекше әсерге бөледі. Ең маңыздысы – біз Қытай мен Қазақстан арасындағы 55 бірлескен өндірістік-инвестициялық жобалармен танысып, олардың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрдік, - деп әсерін бөлісті ол.

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

«Қазақстан туралы жақсы пікірде едім...»

Бұл жолы елімізді «Түркіменстан» газетінің тілшісі Агагелди Итальмазов та аралады.

Журналистика – тек кеңседе отырып атқарылатын кәсіп емес. Егер журналист ұзақ уақыт бойы бір жерде жұмыс істеп, сыртқа шықпаса, шабыт сарқылады. Ал сапарлар – шабыттың қайнар көзі. Бұл жолғы Қазақстанға сапар мен үшін жаңа тыныс ашты. Бір апта ішінде еліміздің ішкі аумағы бойынша 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, көрші елмен терең таныстым. Бұған дейін де Қазақстан туралы жақсы пікірде едім, енді сол ойларым екі есе арта түсті. Елдің экономикалық саясаты тәуекелден қорықпайтын бағытта құрылған. Қытаймен бірге жүзеге асып жатқан жобалар – Орталық Азияның кез келген еліне қажет үлгі, - дейді түркімен журналисі.

Ол Қазақстан ерекше әсер қалдырғанын сөз етті.

Сапар барысындағы әсерлер өте мол болды: көрген жерлердің ерекшелігі, журналистік тәжірибе, жаңа достар, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету – бәрі ойға қонымды. Бір қызығы – бұл жолы алғаш рет қар ұстап көрдім. Қонақ үйлер, табиғат, тағам – бәрі керемет. Маған ұнамаған ештеңе болған жоқ, - деп айтты Агагелди Итальмазов.

«Жергілікті халықтың "ни хао" деп амандасқанын жиі естідік»

Ал Қытайдың People’s Daily газетінің тілшісі Чэнь Шанвэнь сапар кезінде байқаған үш дүниені жеке тарқатып айтып берді.

Қазақстанға осындай гүлденген маусымда келіп, Орталық Азияның бес елінен келген әріптес журналистермен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалардағы ынтымақтастық жобаларымен танысу мен үшін үлкен құрмет әрі маңызды тәжірибе болды. Бұл сапар Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестіктің шынайы күшін сезінуге мүмкіндік берді, - дейді қытайлық әріптесіміз.

Қазақстан – Қытай Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын ұсынған ел. Мұнда жүзеге асып жатқан көптеген жобалар – мысалы, Қытай-Қазақстан табиғи газ құбыры, Жаңатастағы жел электр станциясы, Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы – бүгінде бүкіл өңірге белгілі. 

Сонымен қатар, қос ел арасында визасыз режимнің енгізілуі, Қазақстанда алғашқы Лу Бань шеберханасының ашылуы – Қытай мен Қазақстан арасындағы адамаралық байланысты одан әрі нығайтып отыр.

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

Ол бұл сапар барысында үш негізгі аспектіні айқын байқаған.

Біріншіден, елдің кеңдігі. Бір аптадан аса уақыт ішінде біз Астанадан Алматыға, Маңғыстау облысынан Солтүстік Қазақстанға дейін сапар шектік. Осы жолдың барлығын көзбен көріп, табанымызбен басып өту арқылы Қазақстанның әлемдегі ең ірі ішкі құрлықтық мемлекет екенін жан-тәнімізбен сезіндік.

Екіншіден, ынтымақтастықтың қарқыны. Біз барған барлық өңірлерде Қытай мен Қазақстан арасындағы бірлескен жобалар қарқынды даму үстінде екенін көрдік. Жолдарда жүйткіген қытайлық маркалы жеңіл көліктер мен автобустар, энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құбырлар, ауыл шаруашылығы кешендері – бәрі де екі елдің тығыз әріптестігінің көрінісі. Бұл ынтымақтастық "Жібек жолы" аясындағы серіктестіктің шынайы жылдамдықпен дамып жатқанын көрсетеді.

Үшіншіден, мәдени жақындастық. Қазақстан көшелерінде жүріп келе жатып, жергілікті халықтың бізге жымиып, қытай тілінде "ни хао" деп амандасқанын жиі естідік. Сапарымыз кезінде Қытайдан шыққан алғашқы халықаралық мәдени туризм пойызы Сиань қаласынан Алматыға дейін жолға шықты. Бұл сапар аясында қазақстандық және қытайлық жастар арасында футзал кездесулері, мәдени жәрмеңкелер өтті. Мұндай шаралар екі елдің мәдени қарым-қатынасын одан әрі тереңдетеді.

Қазақстанда мынадай даналық бар екен: «Достық – сарқылмас байлық». Бұл нақыл – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басты өзегі. Мен болашақта Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстар тек экономикалық қана емес, мәдени, гуманитарлық, технологиялық салаларда да жаңа белестерге жетеді деп сенемін. Жеке өз басым үшін бұл сапар тек кәсіби іссапар ғана емес, сонымен қатар құнды достық пен жаңа байланыстардың бастауы болды. Қазақстанда жаңа достар таптым. Бәрі жылы жүзді, қонақжай адамдар. Бұл – мен үшін баға жетпес олжа. Алдағы уақытта да өзара байланысымыз жалғасып, Қытай мен Орталық Азия арасындағы серіктестікті бірге насихаттаймыз деген үміттемін, - деп ойын айтты Чэнь Шанвэнь.

«Қазақстан – модернизация бағыты нақты ел»

Тәжікстанның Avesta.tj ақпарат агенттігінің журналисі Азизжон Максуфов Қазақстан – модернизация бағыты нақты, инвестиция мен инновацияға ашық ел екенін айтты.

Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысу – біздің редакция үшін маңызды тәжірибе болды. Бұл сапар барысында біз ауыл шаруашылығынан бастап көлікке дейінгі түрлі салалардағы Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларына куә болдық, - деп айтты ол.

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

Азизжон Максуфовтың пікірінше, Солтүстік Қазақстан облысындағы агроөнеркәсіп кешені – автоматтандыру мен өңдеу көлемі жағынан жоғары деңгейде дамыған. Мұнда экспортқа бағытталған ұн, май, мал азығы өндірісі жолға қойылған. Ең бастысы – жергілікті халық жұмыспен қамтылған.

Маңғыстаудағы Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту зауыты – экологиялық тұрғыдан бірегей жоба. Бұл нысан ресурстарды ұқыпты пайдалануға мүмкіндік беріп, тұрақты өндірістің үлгісін көрсетеді. Қазақстан – модернизация бағыты нақты, инвестиция мен инновацияға ашық ел. «Бір белдеу — бір жол» аясында жүзеге асып жатқан жобалар – нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр, - деген ойда ол.

«Ұлттық тағамдар ұмытылмас дәм қалдырды»

Тәжікстандық Asal.media тілшісі Анушервон Расулов еліміз ерекше әсер қалдырғанын айтты.

Қазақстанға алғаш рет барғанымда алған әсерім ерекше болды. Елдің заманауи инфрақұрылымы, бай табиғаты мен қонақжай халқы таңғалдырды. Ұлттық тағамдар – палау, ет, нан, қымыз – ұмытылмас дәм қалдырды. Ақтау мен Бурабайдың табиғаты – көз тартарлық. Ал Алматы – таулы көріністерімен өз еліме оралғандай сезім сыйлады. Жолдардың жағдайы да өте жақсы – бұл сапарды жайлы әрі әсерлі етті. Дегенмен кейбір туристік орындарда тазалық мәселесі байқалды – мысалы, Ақтаудағы жағажайда тасталған жөргектер көңілге кірбің түсірді. Табиғатты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз, - деп БАҚ өкілі азаматтарды табиғатты аялауға шақырды.

Ұлттық тағам, қонақжай халық: Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не ойлайды

Оның сөзінше, бұл сапар сонымен қатар Тәжікстан, Қазақстан және Қытай арасындағы стратегиялық, мәдени, экономикалық байланыстардың тереңдігін көрсетіп берді. «Бір белдеу — бір жол» жобалары көлік, сауда және инфрақұрылым салаларында нақты нәтижелерге жеткізуде.

Қазақстан қалаларындағы заманауи жолдар мен сауда орталықтары – Қытаймен әріптестіктің айғағы. Мұндай өзгерістер Тәжікстанда да болып жатыр. Үш ел арасындағы достық – өңірлік тұрақтылықтың негізі. Алдағы уақытта да бұл ынтымақтастықты дамытып, бірлескен бастамалармен алға жылжу – бәріміз үшін маңызды, - деп атап өтті тәжікстандық.

Бұған дейін шетелдік журналистер Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында болды. Сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытының жұмысымен де танысты.

Сонымен бірге журналистер Ақтаудың ерекше көрінісін де тамашалады. Оған қоса БАҚ өкілдері Маңғыстаудағы су тазартатын бірегей зауыт пен Тайыншадағы астық өндіретін зауыт қалай жұмыс істейтінін көрді. 

Сондай-ақ іс-шара маусым айында Астанада өтетін "Орталық Азия – Қытай" саммитінде аясында өткізіліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы