Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлттық спортқа миллиардтар бөлінді, жастар неге әлі қызықпайды?

Әсел ӘБІЛБЕК
4 Шілде 2025, 16:29
1043
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Ұлттық спорт бұл тек спорт емес, халықтың мәдени коды мен тарихи жадының бір бөлігі. Қазақстанда ұлттық спорт түрлері елдің рухани жаңғыруы мен ұлттық бірегейлігін сақтауда ерекше маңызға ие. Жастарды тәрбиелеу, денсаулықты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу құралына айналып келе жатыр. Алайда бұл салада бірқатар жетістіктермен қатар шешімін күтетін мәселелер де жеткілікті. Елімізде ұлттық спорт қалай дамып жатқаны жөнінде сараптама жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде еліміздің өңірлерінде 12 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Олар, асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, жаппай көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ.

Елімізде ұлттық спортты дамытатын нақты құрылымдар жұмыс істейді. 2004 жылдан бастап Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, өңірлік федерациялар, ұлттық спорт мектептері құрылды. Мемлекет те жыл сайын түрлі жарыстар мен фестивальдерді өткізуге қомақты қаржы бөледі.

Елімізде ұлттық спорт түрлері жылдан-жылға жақсы дамып келе жатыр. Биыл заң шеңберінде олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енгізудің өзі үлкен қадамдардың бірі. Бұған дейін ұлттық спорт бұқаралық спорттың деңгейінде дамып келді. Бюджет жоспары да бұқаралық спорттың шеңберінде болды. Енді жоғары спорттың қатарына еніп жатыр. Ол дегеніміз ұлттық спортқа басымдық беріліп жатыр. Халықаралық жарыстарымыз көбейіп жатыр. Бір ғана мысал биыл алғаш рет теңге ілуден әлем чемпионаты өтті, - дейді Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов.

Сандар не дейді?

2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындар саны 660 мыңнан астам адамды немесе еліміздегі дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 9,6%-ын құраған. Өңірлерде ұлттық спорт түрлерін дамытумен 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 17 спорт клубы, 1 спортты дамыту дирекциясы айналысады. Алайда бұл спорт орталықтары әлі жеткіліксіз.

Ұлттық спорт жастарға қаншалықты қызық?

Demoscope зерттеу агенттігі арнайы саалнама жүргізген.

  • 18-25 жас аралығындағы жастардың 68%-ы ұлттық спортқа қызықпайтынын айтқан;
  • Жастардың 74%-ы көкпарды тек мерекелік іс-шараларда ғана көреді;
  • 22%-ы ұлттық спортты «ескірген» деп есептейді.

Бұл жерде мәселе жастардың қызықпауында емес, ұлттық спорттың заманауи форматқа бейімделмегенінде байқауға болады. Үлкен жарыстар жастардың ұлттық спортпен жаппай араласып кетуіне әсер етпеуі мүмкін. 

Қазақша күрес пен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бақдәулет Сәбитовтен, наурызда көкпар, жазда тойда күрес ұлттық спорт түрлерін маусымдық әрі формалды іс-шараға айналдыру ұлттық намысты емес, тек бюджет ақшасын ақтау амалы болып кеткен жоқ па деп сұрадық.

Орынды сұрақ. Көкпар жазда деп жатырсыз. Негізінен көпшілігі де соған баса назар аударады. БІрақ басқа кезде де ұлттық спорттан іс-шаралар өткізіп келе жатыр. Бүгінгі таңда 11 түрі ресми тіркелсе, тағы 2-3 спорт түріміздің мүмкіндігі бар. Одан бөлек мемлекет қаржысына жүйелі түрде түрлі жарыстар Азия, Әлем чемпионаттарын өткізіп жатырмыз. Одан бөлек турнир, той, ас ретінде азаматтар жеке демеушілігімен өзінің қорынан ақша салып жатқандар кездеседі. Ұлтқа ортақ спорт болғаннан кейін әр қазақ солай өткізуге құқылы. Барлығының аузына қақпақ бола алмаймыз. Бірақ қанша қаржы бөлінсе де тиісті жеріне жетіп жатыр. Ұлттық спортқа қанша ақша бөлінсе да артық етпес. Себебі барлық шығындар, жабдықтар, шетел азаматтарының келуі Қазақстанның ақшасына жүзеге асып жатыр. Біздің ұлттық спорт көп мемлекеттерде жоқ. Сондықтан солардың келіп-кету шығындары біздің тарапымыздан төленеді. Мемлекеттен шығындардың көбейіп кету ықтималдығы да содан. Қашанғы шығындана береміз десек те, біз қазір оны тоқтатып қойсақ дамытып келе жатқан жүйе үзіледі, бұзылады. Одан кім не ұтады деген дүние ғой. Соғұрлым басқа да спорт түрлеріне ақша кетіп жатыр. Ұлттық спортқа кеткені біз үшін дұрыс шешім деп ойлаймын, - деді ол.

Алайда қазір әлеуметтік желінің белең алған уақытында TikTok, Instagram сияқты платформаларда ұлттық спортқа қатысты контенттің аздығы, урбанизацияланған ортада клубтардың жоқтығы осы саланың тартымдылығын төмендетіп отырған сыңайлы.

Бөлінген қаржы

2023 жылы ұлттық және ат спорты түрлерінің орталығына 2,28 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 1,5 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 780 млн теңге – республикалық бюджеттен бағытталған. 2024 жылы бұл сома 4,7 млрд теңгеге дейін артан. Оның 3,1 млрд теңгесі – жергілікті, ал 1,6 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен берілген. 2025 жылы ұлттық спортқа 6 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның ішінде 4,8 млрд теңге – жергілікті, ал 1,2 млрд теңге – республикалық бюджет есебінен болады.

Өзгелердің жаңалығы