Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын қарауға кіріскені туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын қарауға кірісті. Аталған заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатын Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасы бойынша әзірленіп жатыр. Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі, - деді Қарин.
Аталған бастама туралы Президент былтырғы жылдың 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында айтқан болатын.
Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жас қазақстандықтардың кәмелет жасына толған кезінде өзінің баспана жағдайын жақсартуына немесе білім алуына мүмкіндік береді. Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды, - деді ол.