Қараша айының қорытындысы бойынша теңге 3,3%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 512,57 теңге деңгейіне жетті. Валюта нарығындағы сауда белсенділігі де артқан: Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 271 млн доллардан 280 млн долларға өсті, ал айлық жалпы сауда көлемі 5,6 млрд долларды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Қарашада Ұлттық қордан 600 млн доллар сатылды
Бұл қаражат республикалық бюджетке трансферттер бөлу мақсатында пайдаланылған. Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі айлық жалпы сауданың 10,7%-ын немесе орташа есеппен күніне 30 млн долларды құрады.
Үкіметтің алдын ала өтінімдеріне сәйкес, желтоқсан айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін 400-500 млн доллар көлемінде валюта сатылуы жоспарланып отыр.
Қарашада 475 млрд теңге нарықтан алынды, желтоқсанда да шамамен осындай сомаға балама көлемде валюта сату көзделген.
Ұлттық банктың айтуынша, Ұлттық қор активтерімен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидаты сақталады – валюта сатылымы нарыққа қысым түсірмей, ретті және біркелкі жүзеге асырылады.
Қарашада Ұлттық банк интервенция жүргізген жоқ
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті валюталық түсімін сату көлемі шамамен 390 млн долларды құраған.
ЕНПФ активтері 40%-дан аса валюталық құралдарда болғандықтан, Ұлттық банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне доллар сатып алмаған.
Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.