Ұлттық қор қай елдердің бағалы қағаздарына инвестиция салады? 2025 жылдың екінші жартысында Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері 60,3 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ұлттық банк BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ұлттық қордың негізгі функцияларына сәйкес валюталық активтер тұрақтандыру және жинақ портфельдері арасында бөлінеді, – делінген банк жауабында.
Ұлттық банк түсіндірмесіне сәйкес, тұрақтандыру портфелі – қор активтерінің өтімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол негізінен АҚШ-тың қысқамерзімді қазынашылық облигацияларына салынған.
Ал жинақ портфелі қордың ұзақмерзімді табыстылығын қамтамасыз етуге арналған. Ол нақты стратегиялық бөлу аясында әртараптандырылған. Қазіргі құрылым мынадай:
• дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары – 29%-дан жоғары,
• дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары – 21%-ға дейін,
• корпоративтік облигациялар – 10%-ға дейін,
• акциялар – 30–35%,
• баламалы құралдар – 5%-ға дейін,
• алтын – 5%.
Инвестициялық табыс өсіп келеді
Ұлттық банк 2024 жылдың қорытындысы бойынша қордың инвестициялық кірістілігі 7,59% немесе 4,6 млрд доллары болғанын хабарлады. Ал 2025 жылдың алғашқы 6 айының алдын ала дерегі бойынша бұл көрсеткіш 7,84% немесе 4,7 млрд долларға жеткен.
Инвестициялық табыстың жылдық көлемі нарықтық жағдайға байланысты қалыптасады. Сондықтан оны алдын ала нақты болжау мүмкін емес, – деп нақтылады Ұлттық банк.