Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осылай деп сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді. Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбірлігі ғана. Оған дәлел, Атырдаудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл. Міне, осы ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал, сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір облыс орталықтары айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Ал, бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті, - деді депутат.
Депутат тазалық мәселесін көтерді. Айтуынша, енді ел болып қаптардың бәрін түгін қалдырмай жинап алуға тиіспіз.
Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін. Қайтпек керек?! Қазір ел бойынша "Таза Қазақстан" тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара Президент айтқандай; "Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт" емес пе! Себебі, қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау - тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті, - деді Мақсат Толықбай.
Мақсат Толықбай Қазақстанның тазалығын Батыс елдерімен емес, көрші өзбек ағайынмен салыстырып өтті.
Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Оған жоғарыдағы Миялы ауыл халқының тірлігі дәлел. Демек, тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды. Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз енді күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көзі жылтырайды. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің... Терезені ашып темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға баорсақ та, ішкен жегеніміз сол жерде қалады. Көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подьезге шығара салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек, - деді халық қалаулысы.