Ұлттық музей жәдігерлері Google Arts & Culture виртуалды көрмесіне қойылды

14 Қараша 2024, 22:49
249
Бөлісу:
Ұлттық музей жәдігерлері Google Arts & Culture виртуалды көрмесіне қойылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұлттық музей "Жібек жолының ортақ мұрасы" виртуалды көрмесінде өз коллекциясынан 10 экспонат ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, жобаны ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі жүзеге асырды.

Виртуалды көрме Google Arts & Culture платформасында жарияланған және оны мына сілтеме арқылы https://artsandculture.google.com/pocketgallery/nAWxtrFiZ4dQ1Q тамашалауға болады.

Google Arts & Culture – бұл әлемдегі серіктес мәдени ұйымдардың өнер туындылары мен мәдени артефактілерінің жоғары сападағы суреттері мен бейнелері бар Google басқаратын онлайн платформа.

Қазіргі уақытта сервис ұжымы кемінде 80 елдегі 2 мыңнан астам мәдени мекемелермен ынтымақтастық орнатқан. Қолданушылар платформадан өнер туындыларының көшірмелерін, сәулет ескерткіштері мен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары туралы мәліметтерді таба алады. Сондай-ақ, сайтта бүкіл әлемдегі мәдени мекемелердің мұрағаттарын көруге мүмкіндік беретін цифрлық көрмелер бар.

"Жібек жолының ортақ мұрасы" виртуалды көрмесі Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстанның ұлттық музейлерінен Жібек жолының мәдени мұрасын сипаттайтын 60 көрнекті музей жәдігерінен тұрады.

Өзгелердің жаңалығы