Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Дін және дәстүр» залының салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады.
«Дін мен дәстүр» залының ашылу мақсаты – ұлттық болмыс пен руханияттың кеңістігін ұлғайту. Ұлт жадынан жоғала бастаған ұлы имани құндылықтарымызды қайта жаңғырту.
Ұлттық таным бедері мен әдет-ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтастығын саралап, өскелең ұрпақтың сара жолына бағыттау. Сонымен қатар, бағзы замандардың алтын тақтасына баһадүр бабаларымыз салып кеткен күрең жолдарды тарих қойнауынан аршып алып, ұлттық табиғатымызбен сабақтас тал бойымызға тән шариғи танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді жауһар жырларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу,-делінген хабарламада.
Іс-шараны ақын, Президент сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ және Шалқар» радиолары Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізді.
⠀
Жиын барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай залдың ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
⠀
Одан бөлек залды ашу салтанатында әжелер шашу шашып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы балаға тұсау кесу рәсімін жасады.
Шара Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтті.