2024 жыл – отандық кино индустриясы үшін тарихи кезең болды. Көп жылдан бері мемлекеттен қаржылай қолдау алып келген "Қазақфильм" киностудиясы тұңғыш рет өз жобалары арқылы коммерциялық табысқа қол жеткізіп, өзін-өзі ақтайтын деңгейге шықты. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Aiqyn газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Балаеваның айтуынша, бұл жетістік кездейсоқ емес. Соңғы жылдары студияда кәсіби менеджмент жүйесі енгізіліп, жобаларды басқару тәсілдері түбегейлі өзгерген. Бұрын шығармашылық ортада басым болған салғырттықтың орнына нақты бизнес-процестер мен тиімділік көрсеткіштері келді.
"Қазақфильмнің" жаңа кезеңі – мемлекеттік мәдени саясаттың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Бұған дейін отандық фильмдер көбіне фестивальдерде ғана бағаланып, ішкі нарықта кең аудитория жинай алмаушы еді. Ал қазір көрермен қазақ киносын іздеп жүріп көретін деңгейге жетті.
Бүгінде отандық кинематография даму кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай кинопрокаттағы ұлттық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін жеткізу көзделген. 2024 жылы мемлекеттік қаржыландыру аясында 16 ұлттық фильм прокатқа шықты, ал биыл 6 фильм жарыққа шықса, жылдың соңына дейін тағы 10-ға жуық картина көрерменге жол тартпақ. Сонымен бірге елімізде прокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдерге прокаттау куәлігін беру бойынша қолданыстағы заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізілуде, – деді министр.
Отандық киноның дамуына әсер етіп жатқан факторлардың бірі – көрермен талғамының өзгеруі. Қазір аудитория тарихи, отбасылық, драмалық және әлеуметтік тақырыптарды көтеретін шынайы отандық фильмдерге қызығушылық танытуда. Бұл тенденция режиссерлер мен сценаристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Бүгінгі таңда "Қазақфильм" тек шығармашылық алаң ғана емес, сондай-ақ экономикалық маңызы бар мәдени институтқа айналуда. Оның әрбір фильмі мәдени кодты сақтап, жаңа ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы идеологиялық маңыз атқарып отыр.
Бұған дейін министр мәдениет мекемелері цифрлық дәуірге бейімделіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Аида Балаева Қастеев музейіндегі алкоголь дауына байланысты "Эфес Қазақстанға" айыппұл салынғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, министр балаларға кітапты күштеп емес, қызықтыра отырып үйрету қажет екенін атап өтті.