«Жаңарған Қазақстан» бағдарламасының арнайы репортажының кезекті саны «ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясына» арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент жарлығымен Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебенің берілуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі басым бағыттарын арттырмақ. Сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындап, тиісті ұсыныстар әзірленбек.
Осылайша, Ұлттық академия еліміздегі ең жоғары ғылыми орталыққа айналады.
Мемлекет басшысы қатардағы қоғамдық ұйымдардың біріне айналып кеткен академияны мемлекеттік мәртебеге көтерді. Бұдан былай ұлттық ғылым мен академияның барлық мәселесі Президенттің тікелей қадағалауымен жүзеге асатын болады.
Зиялы қауым мен ғалымдардың көкейкесті мәселелерін жүзеге асыруды бұдан былай ел Президенті тікелей өзі қадағалайды. Демек, әрбір ғылыми ұсыныс нәтижелі нақты шешімін табады.