Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек

16 Наурыз 2023, 15:26
2352
Бөлісу:
Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Күлжазира Хавдыразах студенттерге ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының жасалу технологиясын үйретіп жүр. Өнер жанашыры қазақ ою-өрнектерінің мән-мағынасы, қолданылу ерекшеліктері, заман талабына сай ұлттық киім үлгілерін дамытуға қатысты ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Өнер-білім саласына қалай келдіңіз?

–Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 38 жыл. Моңғолияда туып-өстім, сонда білім алдым. Атажұртқа 1993 жылы көшіп келдік. Өзім қалада өссем де, үлкен текеметтер, киіз үйдің жабдықтарын жайлауға барғанда көретінмін. Елде ата-бабамыздың салт-дәстүрі сақталған ғой. Ұлттық өнерге жақын болып өстім. Бала күнімнен ою-өрнек сызғанды ұнатамын. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым. Университетте сабақ бердім. Қазіргі күні Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде ұстаздық қызметімді жалғастырып келемін. 

Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек

Қазақ оюының тарихын зерттегендер көп. Бұрынғы ғұламалар оның мәніне терең үңілген. Ол Ш.Уәлиханов еңбектерінде де кездеседі. Абай өлеңдерінде де «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмас» деген жолдар бар ғой. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «қазақтар ою-өрнек әлемінде өмір сүреді» десе, «Өнерді таудың бұлағынан, қойдың құлағына, анамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деген екен атақты суретші Әбілхан Қастеев. 

Ұлттық бұйымдардың жасалу технологиясына тоқталсаңыз...

– Қазіргі уақытта студенттер киім дизайнының қыр-сырын үйренуде. Оған сәндеу, әрлеу, киім тігу үлгілері кіреді. Осында тігіссіз таза жүннен басылған шапандар бар. Ою-өрнекпен жұмыс жасау үшін алдымен эскизі құрастырылады. Ою дегеніміз – ойып, қашап жасайтын жұмыс. Ою оюшыны шебер дейді. Өрнек – жапсырып, кестелеп, тігіп, тоқып жасалатын жұмыс. Екеуі екі түрлі мағынаны білдіреді. Олардың жасалу жолдары көп. Әр түрлі технология қолданылады. Мысалы, кілем бізбен, инемен де пісіп тоқылады. Сол сияқты қармақ бізбен де, маржандап та кілем тоқимыз, түрлі жапсырмаларды да қолданамыз. 

Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек

Ою-өрнектер – ежелгі сақ, ғұн дәуірінен бері келе жатқан халқымыздың мәдени құндылықтары ғой. Қазақтың оюлары төрт топтамаға кіреді: геометриялық, ғарыштық, аң стиліндегі, өсімдік тектес. Олардың 300-ден аса атаулары бар. Айталық, өсімдік тестес оюлар көбінесе қыз балалардың киімдеріне салынады. Барған жерінде гүлдей жайнап, өсіп-өніп, ұрпақ өрбітсін деген мағынаны білдіреді. Әр ою-өрнектің өзіндік орны бар. Оны қалай болса солай сала беруге болмайды. Құрақ көрпелерге салынатын ою киімге салынбайды. Оюдың мағынасын дұрыс көрсету керек. Мысалы, дөңгелек – ай белгісі. Ең көп қолданылатын ою – қошқар мүйіз. Қазақтың киіз үйін алып қарасаңыз, сырмақ, текемет, түскиізден бастап баулар, термелер, шаңыраққа дейін ою-өрнекпен безендірілген. 

Көпшілік оюдың қолданылу ерекшеліктерін біле бермейді...

–Алашаларда, басқұрларда «өрмекші» оюы салынады. Батырлардың киіміне «қошқар мүйіз» қайраттылықтың, ерліктің белгісі. «Мүйіз» - ою-өрнектің төркіні. Барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атауы өзгеріп отырады. 

Ою арқылы адамдар түсініскен. Бұған сақ-ғұн дәуірінен мол мағлұмат беретін таңбалар дәлел. Қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралардың көбі геометриялық ою-өрнектермен безендірілген. Ғалымдар оюға қарап жәдігерлердің қай ғасырға тиесілі екенін зерттейді. 

Материалдық-техникалық жабдықтар жеткілікті ме?

–Көріп отырсыздар, «Жас маман» бағдарламасы бойынша кабинетіміз соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Тіпті тігін ательелерінде мұндай жабдықтар жоқ деуге болады. Осындай технология көмегімен 3D үлгісімен бұйымдар жасалады. Оқу орнының басшылығы жағдай жасап отыр. Студенттерге мамандықтың қыр-сырын жан-жақты меңгеруге мүмкіндік мол. 

Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек

Жұмысқа қолданылатын материалдарды қайдан аласыздар?

–Біразын базардан, интернет-дүкендерден сатып аламыз. Киім дизайны болғандықтан, әр ұлттың киімінің тарихынан мағлұмат беруге тиістіміз. Студенттер Наурыз мейрамы қарсаңында өздеріне ұлттық нақыштағы қамзолдар тікті. Негізі жаңа технология көмегімен қосымша табыс тауып, оқу орнын қаржыландыру көзделген. Осы мақсатта тапсырыспен жұмыс істеуге тырысамыз. 

Арнайы жобаларға қатысасыздар ма?

–Дельфий ойындарына, Экспо-2017 көрмесіне қатыстық. Республикалық ғылыми жобалар байқауында ұлттық нақыштағы «Томирис» костюмі бірінші орынды иеленді. Студенттер ұлттық киімдерді көбіне дипломдық жұмыс тақырыбы етіп алады. 

Дизайнер болу үшін қандай талап қойылады?

–Оқушының композицияға қабілеті, яғни құрастыра алуға, суретке икемділігі, түс тани біле ме, ұлттық бұйымдарды жасау үшін әдемілікке, нәзіктікті түсіне білу қабілеті бар ма – осы жағы ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда талғам, икемділік болу керек. Оқуға түсерде суретке, композицияға емтихан алынады. Мәдениет колледжі атына заты сай болуы керек қой. Оқу орнының басшысы колледж табалдырығын аттаған студенттерге сәлемдесу, мәдениетті болу қажеттілігін үнемі ескертіп отырады. Өнер саласында оқып жүрген студенттер әсемдік әлемін жақсы түсінеді. Колледж бітірген мамандардың бірқатары еңбекке араласса, біразы әрі қарай оқуларын жалғастырады. Жеке кәсіп ашқан студенттер де бар. 

Ұлттық бренд қалыптастыру үшін креатив идеялар керек

Наурыз мерекесі жақындағанда ұлттық киім іздеп сабылатынымыз жасырын емес...

–Қазіргі күні ұлттық киімдер сұранысқа ие бола бастады. Алайда қазақстандық дизайнерлер тіккен киімдер әркімге қолжетімді деп айта алмаймын. Айталық, ұлттық үлгідегі бір шапанның құны – 300-350 мың теңге. Әрине, өнерді түсінетіндер бағалайды. Ал базардағы киімнің бағасы арзан болғанымен, көңілге қонымсыз. 

Қазір балаларды қызықтыратындай жаңа персонаждардың жоқтығы алаңдатады...

–Шетел мультфильмдерін қарасаңыз, абстракциялық, фантастикалық элементтерді қолданып, өмірде жоқ нәрселерді бар ғып көрсетеді. Баланың қабылдауына жеңіл. Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ. Бүгінгі заман басқа. Мысалы, самұрық өмірде жоқ болғанымен, қазақ ертегілерінде ерекше күштің символы. Ол жайдан-жай құрастырылмаған персонаж екені белгілі. Бізге креативті идея керек. Жаңа дүниеге барлығы еліктейтіндей болу керек. «Өрмекші адам», «Супермен», «Бэтман» персонаждары  секілді бізге де қазақ аңыздарындағы персонаждарды бала санасына жеткізу жағын қарастырған жөн.

Күнделікті киіп жүретін сапалы ұлттық киімдердің аздығын сынға алып жататындар да баршылық...

– Бір қынжылтатыны, қазіргі күні заманауи стильдегі киімдерден оюды байқағанымызбен, орынсыз қолданылған, тек эстетикаға ғана мән берген оюларды да кездестіреміз. Мұны біреу түсінсе, біреу түсінбеуі мүмкін. Қазақты әлем ою-өрнегі арқылы таниды. Мысалы, танымал әнші, спортшыларымыз киімдеріндегі ою-өрнек арқылы қазақтығымызды танытып жүр. Ұлттық бұйымдарымыз ою-өрнексіз жасалған емес. Сол себепті оюдың қолданылуына мән беру керекпіз. Этика сақталмайтын жағдайлар да кездеседі. Ашық-шашық киімге ою жапсыра салу ұлтты қорлау деп түсіну керек. 

Қазіргі жастардың ұлттық киімдерге деген бетбұрысы бар. Бәрін оюлау міндетті емес. Эстетикалық тұрғыдан күнделікті киетін киімдерге оюдың элементтерін енгіззе жеткілікті деп ойлаймын. Заман талабына сай ұлттық нақыштағы киімдерді жастар киеді. Қазақы киім, бұйымдарға жастардың қызығушылығы артып келеді. 

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы