Ұлттық баяндама: Ата-аналар жұмысбасты болып, балаларына тиісті уақыт пен көңіл бөле бермейді

1 Ақпан 2023, 15:59
1525
Бөлісу:
Ұлттық баяндама: Ата-аналар жұмысбасты болып, балаларына тиісті уақыт пен көңіл бөле бермейді
Фото: ОКҚ

Қазіргі күні ата-аналар жұмысбасты болып, балаларына тиісті уақыт пен көңіл бөле бермейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжани «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасын таныстырған кезде айтты.

Ол ұлттық баяндамаға енгізілген статистикалық деректерге тоқталып өтті.

Отбасына қолдау орталықтарының қызметі бойынша респонденттердің 70%-дан астамы отбасын қолдау орталықтарының қызметтерін пайдаланбағанын, 19,3%-ы сауалданамадан олардың бар екенін алғаш рет білгенін және тек 7,1%-ы ғана осы орталықтарға жүгінген. Отбасы қолдау орталықтары қызметімен Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары таныс емес болып шықты, - деп айтты Қазақстандық қоғамдық даму институтының басшысы.

Сөзінше, сауалнама қатысушылардың азаматтық некеге көзқарасы бойынша орташа алғанда барлық жастағы адамның шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқараспен және 30%-дан астамы бейтарап қарайды, яғни Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Қолдамайтындардың үлесі - 32,8%.

Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөліне де тоқталып өтті.

Баяндамаға сәйкес, қазір ата-аналар жұмысбастылықпен балаларына тиісті уақыт пен көңіл бөле бермейтіні анықталды. Балалармен бірге үнемі уақыт өткізу көрсеткіші әйел адамдарда 44,5% болса, ерлерде 25,6%. Бала тууды жоспарлау бойынша сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайды, 15,2%-ы жоспарлаудың қажеті жоқ деп есептесе, 11,3%-ы бұл сұраққа жауап бере алмаған, - деп түсіндірді Матжани ОКҚ-да.

Оның айтуынша, қазір қоғамдық талқыға түсіп жүрген әкелер институтының мәселелері бойынша респонденттердің жартысынан көбі, яғни 54,1%-ы әкенің бала тәрбиесіне қатысқанынан гөрі отбасыны материалдық тұрғыдан қамтамасыз еткен маңызды деп жауап берген.

Өзгелердің жаңалығы