Тамыз айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 481,61 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 170 млн АҚШ долларынан 210 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін тамызда 546 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 12%-ын және күніне 26 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында тамызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 223 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 5%-ын құрады.
Үкіметтің «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын Ұлттық қорға сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банк шілде айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне сату жолымен конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтау және осы операцияны валюта нарығында көрсету үшін Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.
Тамызда аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 241,5 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы қыркүйекте алтын-валюта резервтерінен 230 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін валюта сату күтілуде, - деді Ұлттық банк.
Ұлттық Банк Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы қыркүйекте Ұлттық қордан 900 млн АҚШ долларынан 1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.
2024 жылғы қыркүйекте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді көздейді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді, - делінген хабарламада.