Ұлттық Банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және цифрлық активтер саласындағы жобалар мен бастамалардың іске асырылу барысы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын барысында «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ Open API платформасы негізінде құрылған банкаралық мобильді төлемдер жүйесін дамыту, цифрлық теңге жобасын іске асыру, оның ішінде орталық банктердің цифрлық валюталары (ОБЦВ) негізінде трансшекаралық төлемдер жүргізу, сондай-ақ Ұлттық антифрод орталығының жұмыс нәтижелері мен перспективалары туралы ақпарат ұсынды.
Қазір Open API жобасына 5 банк қосылып, тағы 4 банк тестілеу кезеңінде тұр. Жоба іске қосылған сәттен бастап жалпы көлемі шамамен 200 млн теңгені құрайтын 2 000-нан астам аударым жүзеге асқан. Жаңа тетік банктердің шығындарын оңтайландырып, клиенттерге көрсетілетін қызметтердің құнын төмендетуге ықпал етеді.
Мемлекет Басшысының цифрлық қаржы активтерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, биыл шілде айына жоспарланған пилоттық жобаларға дайындық барысы қаралды. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік пен бағалы металдарды токенизациялау, сондай-ақ ұлттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндарды шығару бастамалары талқыланды. Аталған жобалар Ұлттық Банктің «реттеуші құмсалғыш» аясында іске асырылуда.
Кеңес қорытындысы бойынша цифрлық қаржы экожүйесі мен пилоттық fintech жобаларды одан әрі дамыту бойынша негізгі басымдықтар айқындалды.