Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов Ұлттық қордан алынып жатқан қаражат Ұлттық қорға түсімдерден асып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан жобаларды қаржыландырудың айқын және нақты өлшемдерін белгілейтін нысаналы трансферттерді алу ережелері қашан әзірленетінін сұрады.
Биыл Ұлттық қордан бастапқыда 3,6 трлн теңге алу жоспарланған болатын. Алайда бұл сома жеткіліксіз болғанына байланысты қосымша нысаналы трансферт арқылы 2 трлн теңге алынайын деп отыр. Оған қосымша бағалы қағаздарды алу бойынша транзакциялар жасалды. Соған байланысты трансферттердің жалпы сомасы 6 трлн теңгеден асып отыр. Бұл мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, Үкіметтің құқығы және ондай шексіз мүмкіндіктері де бар екені белгілі. Бірақ енді фактілерге қарайтын болсақ, бүгінгі күні Ұлттық қордан алынып жатқан қаражат Ұлттық қорға түсімдерден асып отыр. Бұл соңғы 2 жылда байқалатын мәселе. Жақында өзіңіздің бір сұхбатыңызда "Үкіметке бюджет кірістерін тұрақтандыру үшін әлі 2 жыл керек болады" деген болатынсыз. Бұны басқаша айтатын болсақ, бұл дегеніңіз алдымыздағы 2 жылда Ұлттық қордың қаражатын белсенді түрде пайдаланатын болсақ, Ұлттық қордағы қаржының жинақталуы күмәнді сияқты, - деді сенатор сұрақ қою барысында.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жауабында қазіргі кезде нысаналы трансферттерге байланысты шектеу жоқ екенін жеткізді. Бірақ жақында Мемлекет басшысының Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке фискалдық және ақша-несие саясаты арасындағы алшақтықты жою туралы тапсырма берілгенін еске салды.
Осы тапсырма аясында Ұлттық банк пен Үкімет арасында нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Жақында нақты шешім қабылданатын болады. Экономикалық саясат кеңесінде бұл мәселені толығымен қайтадан қарастырып, бір шешімге келеміз. Жалпы біздің негізгі ойымыз Ұлттық банкпен бір жерден шығып жатыр. Нысаналы трансферттерді шектеу қажеттігі байқалады. Бірақ бұл қалай жасалады, қандай көлемде болатынын анықтап, ұсынатын боламыз, - деді ол.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан бөлінетін қаржы баламалы көздері жоқ үлкен жобаларды қаржыландыруға ғана бағытталатынын айтты.