Ұлттық банк лездік төлемдер жүйесін өнеркәсіптік қолданысқа енгізді

20 Маусым 2022, 17:30
1634
Бөлісу:
Ұлттық банк лездік төлемдер жүйесін өнеркәсіптік қолданысқа енгізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі 24/7 режимінде әр түрлі банктердің клиенттері арасында жедел аударымдар мен төлемдерді жүргізу үшін лездік төлемдер жүйесінің (бұдан әрі – ЛТЖ) жаңғыртылған платформасы өнеркәсіптік қолданысқа берілгенін хабарлады.

Жүйе қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қызмет көрсететін қандайда бір банкке қарамастан, онлайн қолжетімді болуы үшін және төлем құралдарын пайдаланатын ыңғайлы әрі қарапайым төлем сервисін ұсыну мақсатында әзірленген. Жүйенің функционалдығы ұялы телефон нөмірі арқылы аударымдарды және әртүрлі банктің клиенттері арасында QR-код арқылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. ЛТЖ қаржы институттары ұсынатын цифрлық қызметтердің ауқымын дамытып, кеңейтуге негіз бола алады.

Сервистерді іске қосу 2 кезеңде жүзеге асырылады:

бірінші кезең – жеке тұлғалардың телефон нөмірі бойынша аударымдар (P2P-аударымдар);

екінші кезең – QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер (ұлттық QR-код стандартына сәйкес) және сауда ұйымдарының пайдасына жаңа төлем сценарийлерін, оның ішінде сұраныс бойынша төлемдерді жүзеге асыру.

Сервистердің қолжетімділігі туралы ақпаратты клиентке қызмет көрсетуші банктің өзі хабарлайды. Телефон нөмірі бойынша аударым жасау үшін ақша жөнелтушіге өз банкінің – ЛТЖ қатысушысының ұялы қосымшасында алушының ұялы телефон нөмірін енгізіп, аударым сомасын және алушының банкін көрсету жеткілікті болады. Аударылған ақша алушыға оның ЛТЖ қатысушы банктегі шотына лезде түседі. Ал, банктер өз клиенттері үшін P2P-аударым қызметтерінің тарифін дербес белгілейді, - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда екінші деңгейлі 9 банк ЛТЖ-ға қатысу туралы келісім жасасты, оның 4-і өз клиенттеріне ЛТЖ қосып қойды, қалған 5 банк қосылу процесінде. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қосымшаларындағы ішкі процестердің жетілдірілуіне қарай пайда болады.

Қазақстандық басқа да банктерге ЛТЖ қосу келісілген кестеге сай жоспарлы түрде іске асырылады.

Өзгелердің жаңалығы