Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстанда цифрлық активтерді реттеудің моделін қалыптастыру үшін әртүрлі елдердегі қаржы реттеушілерінің криптоактивтер нарығын реттеу тәсілдерін талдау» тақырыбында зерттеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жұмыс халықаралық тәжірибе мен нарықтағы заманауи үрдістерді ескере отырып, елдегі цифрлық активтерді реттеудің тиімді тәсілдерін әзірлеуге бағытталған.
Зерттеу аясында цифрлық қаржы активтерін, криптовалюталарды, стейблкоиндерді және цифрлық активтердің басқа да түрлерін қоса алғанда, криптоактивтердің әлемдік нарығындағы қазіргі ахуалға талдау жүргізілді.
Реттеудің құқықтық аспектілеріне және осы активтерге байланысты тәуекелдерді басқаруға ерекше назар аударылды. Құжатта басқа елдердің қаржы реттеушілері қолданатын тәсілдер зерделеніп, халықаралық қаржы ұйымдарының криптоактивтер нарығын реттеу бойынша ұсынымдары көрсетілді.
Зерттеуде Қазақстанның тәжірибесін талдау қамтылып, елдегі цифрлық активтер нарығының бірегей сын-қатерлері мен ерекшеліктері атап көрсетілді. Сондай-ақ, цифрлық қаржы активтерін дамыту, нақты активтерді токендеу және инновациялық технологияларды Қазақстанның цифрлық экономикасына ықпалдастыру шаралары ұсынылды.
Құжатта тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және елдегі цифрлық активтер индустриясының тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ете алатын теңгерімді реттеу жүйесін құру қажеттілігіне баса назар аударылды.