Ұлттық банк: Бір айда инфляция 20 пайыздан асты

14 Ақпан 2023, 11:06
665
Бөлісу:
Ұлттық банк: Бір айда инфляция 20 пайыздан асты
Фото: Егемен Қазақстан

Қаңтар айында инфляция 20 пайыздан асты. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айындағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткен соң төмендеп келеді. Биылғы қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр. Жылдық мәнде инфляция биылғы  қаңтарда 20,7%-ға жетті, - деп айтты төрағаның орынбасары.

Шолпанқұловтың Үкімет отырысында берген мәліметіне сәйкес, жылдық мәнде 25,7%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне көптеп үлес қосып отыр. 

Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жетті.

Логистиканың өзгеруіне, жоғары инфляциялық күтулерге, сұранысты фискалдық қолдауға және кредит берудің ұлғаюына байланысты инфляция өсуін жалғастырып келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді, - деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі Үкіметте.

Өзгелердің жаңалығы