Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі инфляцияның өсу үрдісін баяулату және одан әрі күшейту үшін қажет.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың мәлім етті.
Бұл ретте базалық мөлшерлеме деңгейі жөніндегі кезекті шешім теңдестірілген шешімге жатады және оның экономикалық белсенділікке ықпал ету деңгейін ескере отырып қабылданды. Біз оның кредиттеу мен экономикалық өсу қарқынына айтарлықтай қауіп төндірмейтінін, бірақ инфляцияны бақылау үшін өте қажет екенін атап өтеміз. Базалық мөлшерлеменің белгіленген деңгейіне қатысты айтар болсақ, қазіргі уақытта оның оңтайлы шешім болғанын толық айта аламыз және бүгінгідей қалыптасқан жағдайға толық сәйкес келеді, -деді ол Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша қабылдаған шешімі туралы брифингте.
Ол жұмсартылған ақша-кредит саясаты уақытша пайдалы болғанымен, ұзақ мерзімді перспективада кері салдарға ұшыратуы мүмкін екенін атап өтті.
Біз мөлшерлемені көтере отырып, теңгедегі активтердің тартымдылығын да арттырамыз. Бұл халықтың тұтынушылық әрекеттен жинақтауға қарай ауысуын қолдайды. Сонымен бірге, инфляциялық күтулердің бағытын, инфляция, жиынтық сұраныс пен импорт бойынша жаңартылған болжамдарды, сондай-ақ қосымша инфляциялық күтпеген өзгерістерді іске асыру тәуекелін ескере отырып, ақша-кредит талаптарын одан әрі күшейту үшін кеңістік сақталады, – деді Ғалымжан Пірматов.