Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделді. Оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды. Ішкі экономика тарапынан инфляциялық күтудің барынша тарихи жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болмауы, сондай-ақ импорттың жедел өсуі кезінде сауданың қайта құрылуы байқалады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Оның қазіргі деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы бүгінгідей мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту ықтималдығы төмен деп бағаланады.
Инфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қараша айында оның жылдық мәні 19,6% болып, барлық компонент бойынша өсті. Қараша айында айлық инфляция біршама баяулады, бірақ әлі де көп жылдық орташа деңгейден айтарлықтай асып, жоғары мәнде қалып отыр. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты. Осы ортада халықтың және кәсіпорындардың тарихи жоғары көрсеткіштерге жуық болып отырған инфляциялық күтулері мен тұтынушылық кредиттеудің өсуі – күшейтуші проинфляциялық факторлар. Тауар жеткізу тізбегі үзілген жағдайларда бекімеген инфляциялық күтулер қысқа мерзімді және де ұзақ мерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырады.
Сыртқы жағдайлар тарапынан монетарлық талаптарды жаппай күшету салдарынан бәсеңдеген әлемдік сұраныс нәтижесінде орта мерзімді кезеңде сыртқы ортаның проинфляциялық факторлары жеңілдейді деп болжанады. Астықтың бітік шығуы инфляцияға қысымның біртіндеп төмендеуіне қосымша фактор болады. Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып сақталады. Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы болады.
Көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралды. Базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың 1-тоқсанында болады деп болжанады. Жоғары инфляциялық күту және дезинфляциялық сыртқы орта кезінде сауданы құрылымдық қайта құру нәтижесінде 2023 жылға инфляция бойынша болжам
11-13%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуі және күтудің мейілінше баяу төмендеуінен инфляция 7-9% шегінде болжанады. Инфляцияның осы траекториясы инфляциялық жағдайдың жеңілдеуіне қарай және дәнді дақылдардың бағасы тұрақталған cоң инфляциялық күтулер төмендеп, тарихи орташа деңгейде болатын жағдайда күтіледі. Бұл инфляцияның бұдан кейін нысаналы бағдарға жетуіне мүмкіндік береді.
Экономиканың өсу динамикасында жалпы баяулауға қарамастан биыл тау-кен өндірісін санамаңанда, экономиканың негізгі секторлары жылдам өсуде. Тау-кен өндіру саласында өнім шығарудың төмендеуі кен орындарын жөндеуге, сондай-ақ логистиканың бұзылуына байланысты. Биылғы жылы ЖІӨ-нің өсуі 2-3% шегінде қалыптасып, кейіннен 2023 жылы 3-4%-ға дейін жылдамдайды. Бұл бұрын болжанған сыртқы сұраныстың әлсіреуіне, мұнай өндірудің біршама қалыпты болуына және кейде Қазақстан экспортын әлемдік нарықтарға жеткізуде туындайтын проблемаларға байланысты. Бұдан кейін ЖІӨ-нің өсуінің әлеуетті мәнге жуық тұрақталатыны болжанады. Мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты экспорттың өсуі, сондай-ақ үй шаруашылықтары тарапынан сұраныс қалыпты болған кезде инвестициялардың ұлғаюы негізгі қозғаушы күш болады. Келесі жылы фискалдық саясат әлі де ынталандырушы сипатта болады, бірақ бюджеттік қағиданың қолданылуы нәтижесінде серпін орта мерзімді кезеңде бәсеңдейді. Бұл мемлекеттік тұтыну мен ішкі сұранысты қолдайды. Экономиканың одан әрі өсуін импорттың өсуі тежейді.
Инфляция бойынша болжам тәуекелдері геосаяси шиеленістің салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақтығына, инфляциялық күтудің жоғары және тұрақсыз болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуына байланысты.
Ұлттық Банк инфляция бойынша болжамды ескере отырып, базалық мөлшерлемені көтеру циклын аяқтауға жақындады. Базалық мөлшерлеменің ағамдағы деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаса, ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату ықтималдығы төмен деп бағаланады.
Болжамның негізгі параметрлері баспасөз релизінің қосымшасында келтірілген. Қабылданған шешімнің және болжамның факторлары туралы толығырақ ақпарат 2022 жылғы
12 желтоқсанда Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында[1] орналастырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 13 қаңтарда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.