Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, қазіргі жағдайда инфляцияның өсу үрдісін кері қайтару үшін базалық мөлшерлемені арттыру қажет.
Ұлттық банк 26 сәуірден бастап +/-1 пайыздық тармақ пайыздық дәлізімен базалық мөлшерлемені 14%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім экономикадағы проинфляциялық факторлардың айтарлықтай өсуіне байланысты қабылданды. Осы жылдың 1-тоқсанында біз іскерлік белсенділіктің, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың және экономиканы кредиттеудің өскенін байқадық. Бұл факторлар фискалдық ынталандыру шараларымен бірге ішкі сұранысты да қолдайтын болады, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ оның атап өтуінша, мұндай шаралар шектеулі ұсыныс жағдайында бағаның көтерілуіне және импорт пен инфляцияның өсуіне әкеп соғады.
Бұл жағдайға байланысты инфляцияға қарсы ақша-кредит саясатының рөлі қазіргі кезде тұтынушылардың қаражат жинақтау әрекетін қолдау үшін маңызды. Осындай шаралардың көмегімен біз сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына және екі таңбалы көрсеткішке жеткен инфляцияның ретсіз өспеуіне ықпал ете аламыз. Сондықтан біз үшін базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім, бірінші кезекте, инфляцияның өсу үрдісіне жол бермеу жолындағы қажетті шара. Өйткені, баға тұрақтылығын қолдау Ұлттық банктің негізгі міндеті болып табылады, - деді Ғалымжан Пірматов.